Абай облысындағы алапат өрттің қарқыны әлі басылар емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысындағы алапат өрттің қарқыны әлі басылар емес

12.06.2023

Абай облысындағы алапат өрттің қарқыны әлі басылар емес. Екпінді жел өрт сөндірушілерге дес бермей тұр. Қазір от шарпыған 60 мың гектардың 43 мың гектарында қызыл жалын күш алған. Бірнеше техника жанып кетті. Соған қарамастан мамандар күні-түні күресіп жатыр. Ал тілсіз жаумен арпалысып жүріп хабарсыз кеткен орманшы әлі табылмады.

Ержан Жақып, тілші:

Біз қазір Успенское ауылында орналасқан жедел штабта тұрмыз. Бұл жерде өрт сөндіру жұмыстары бір орталықтан басқарылады. Жаңадан тағайындалған ТЖМ де Экология министрі де кешеден бері осы жерде. Алайда алапат өртті ауыздықтау мүмкін болмай тұр. Өйткені өңірде 30 градус аптап ыстық басталды. Тіпті жедел штаб орналасқан жерден 2-3 шақырым жерде қаулаған өрт.

Қызыл жалынды тоқтату үшін 1500-ге жуық адам, 300-ден астам техника жұмылдырылған. Өрт ошақтарына әуеден су төгу үшін 12, аэровизуалды бақылауға 2 тікұшақ тартылды.

Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

Жел болған жерде өрт те көтеріледі. Сол себептен жұмыс атқарылып жатыр. Барлық периметр бойынша күштеріміз орын орнынан қойылған.

Өршеленген өртті ауыздықтауға көлік, құрал адам да жетклікті. Ерболат Кәрімов тозығы жеткен «Урал» көлігімен басын қатерге тігіп күніне оншақты рет сумаңдаған қызыл жалынның ошағына кіріп жүр.

Ерболат Кәрімов, өрт сөндіруші:

Ескі мынау. 86- шы жылғы. Бірақ әлі жүріп тұр. Техника сынбаса істей береміз ғой. Бесқарағайда да болдық. Енді мынандай қатты өрт болған жоқ.

Ал Шығыс Қазақстанның Катон Қарағай ауылынан көмектесемін деп алып ұшып келген Саят Нұрсұлтановтың көлігі жеткен бетте от алмай қалған. 19 жыл болған өрт сөндіру машинасын, жөндей алмай әлек. Жалпы екі-үш күнде екі көлік жанып кеткен. Оның бірі Қарағандыдан көмекке келген автоцистерна. Кеше Талица ауылы маңында отқа оранған. Абырой болғанда адам аман. Тілсіз жауды тоқтатамын деп жүріп, алғашқы күні хабар ошарсыз кеткен 14 орманшының бірін бүгін туған туыстары мен әріптестері арулап жер қойнына тапсырды. 50 жастағы Саят Нұржігітов өмірінің жартысынан көбін орман шаруашылығына арнаған. Қызметіне адал, үлгі тұтарлық азамат, білікті маман еді деп жақындары қимастықпен еске алады. Саят Нұржігітовтың артында жары мен 2 ұл, 1 қызы қалды.

Гүлсара Баймағанбетова, орманшылар кәсіподақ ұйымының төрайымы:

Әлі халқымыз есін жинай алмай жатыр. Осындай азаматтарымызды ортадан жұлып алып, жаназасына жиралып отырмыз. Ата-аналарына қайғырып көңіл айтамыз. Оқиға бәрінің көзін ашты деп ойлаймын. Мына техника жаман деп рация жоқ. Қаражаттары аз деп. Жүз мыңға міне еңбек жасап өмірлерін қиып жатыр.

Орманшылардың материалдық техникалық базасын жаңартып өзге де мәселелерін реттеу үшін үкіметтен 8 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінгенін Экология министрі мәлімдеді. Бірақ игілігін көрем дегенше тілсіз жау шыдатпай орманды отап барады.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу