Қазақстанның мемлекеттік басқару бойынша көрсеткіштері жақсарып келеді. Дүниежүзілік банктің жүргізген зерттеуі осындай нәтиже берді. Былтырғы көрсеткіштермен салыстырғанда 6 индикатордың бесеуі оң бағытқа өзгерген.
Жақсарған көрсеткіштердің алғашқысы Үкімет жұмысының нәтижелілігі. Одан соң реттеуші климаттың сапасы мен саяси тұрақтылық. Сондай-ақ, Қазақстанда заң үстемдігі және жемқорлықпен күрес те біршама жақсарғанын көрсетіп отыр дүниежүзілік банк зерттеуі. Бұл халықаралық деңгейде еліміздің беделіне оң ықпал етеді дейді сарапшылар.
Марат Башимов: заң ғылымдарының докторы:-Дүниежүзілік банктің айтқандары Қазақстанға қазіргі кезде, коронавирустың кезінде халықаралық қатынастардың, халықаралық экономикалық қатынастарға маңызды.
Халықаралық Fitch агенттігі де ұлттық экономиканың несиелік жағдайын «ВВВ» деңгейіне дейін көтерді. Көрсеткіштердің жақсаруы елімізге экономикалық тұрғыдан да әсер етеді. Әсіресе, қаржы құйып, қызмет етемін деген компаниялардың қызығушылығы артады.
Сапарбай Жобаев, экономист:-Бұл нәтижені әлемдік инвесторлар қауымы жақсы қабылдап, Қазақстанға негізгі тікелей инвестицияларды және басқа да қаржылық салымдарын көбейтеді деп ойлаймын.
Биыл Президент мемлекеттік басқаруды өзгерту қажеттігін айтты. Бұл халықаралық деңгейде көрсеткішіміздің одан әрі жақсаратындығының кепілі дейді сарапшылар.
Оңғар Алпысбайұлы