Бүгін - «Қазақ радиосына» 99 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін - «Қазақ радиосына» 99 жыл

01.10.2020

«Қазақ радиосына» 99 жыл. 1921 жылы Ахмет Байтұрсыновтың бастамасымен алғаш хабар таратқан радионың ашылғанына ғасырға жуықтады. Дәл осы дауысты сағынған тыңдарманға тарихи күнде «Қазақ радиосы» ерекше сый жасады. Тікелей эфирдегі хабарларды халықтың құлағында үні жатталып қалған ардагер дикторлар жүргізді.

Аманжан Еңсебайұлы осы шаңырақта жарты ғасырға жуық қызмет етіп келеді. Радио хабар жасаудың қыр-сыры мен құпиясын жетік меңгерген маманның 50 жыл бұрынғы дауысы әлі өзгермеген. 

Аманжан Еңсебайұлы, диктор, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері:
-Онда кейіпкерің өзіңмен сырласады, мұңдасады. Онымен бірге жылай біл, онымен күле біл. Бұл дикторға ең керекті қасиет.

Осы қасиеттерді бойға сіңірген қаншама дикторлар халықты радиоға елітті. Қазақтың Левитаны атанған Әнуарбек Байжанбаев, Бүркіт Бекмағанбетов, Сауық Жақановалардың қайталанбас хабарлары алтын қорда әлі сақтаулы.

Айгүл Ыдырысова, Алтын қор бөлімінің редакторы:
- «Қазақ радиосының» алтын қорында 100 мыңнан астам жазба бар. Соның 90 процентін біз цифрлық форматқа көшіріп қойдық.

«Қазақ радиосы» алғаш Орынбордан хабар таратты. Кейін Қызылорда мен Алматыдан эфирге шықты. Ал, қазір заманауи технологияның арқасында елімізді түгелге жуық қамтып отыр. Тіпті, радионың көрермені де бар. Бір ғасырға жуық уақытта радио да жаңарды. Бұрын атауы «Қазақ радиосы» еді, қазір «Қазақ радиолары». Өйткені, құрамында 4 бірдей радио бар.

Ернұр Бурахан, «Қазақ радиолары» ЖШС директоры:
-Бүгінгі таңда біз «Қазақ радиосы» мен «Шалқар» радиосының бағытын түбегейлі өзгертіп, жанрын өзгертіп жатқан жайымыз бар. «Қазақ радиосы» бүгінде ақпараттық, танымдық, сараптамалық бағытта бағдарламалар эфиріміздің 70 пайызын құрайды.

Осындай сапалы өнімнің арқасында түрлі жаңа медианың дамуына қарамастан радио тыңдарманын жоғалтпады. Тіпті, соңғы 5 жылда 12 пайызға артқан.

Амангелді Сейітхан 

Қазақ радиосы журналистика эфир

Хабарламаларға жазылу