Елімізде құс тұмауы өршіп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде құс тұмауы өршіп барады

27.09.2020

Құс тұмауы Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстарында бейнелеп айтқанда «бұрқ» етті. Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша тек екі ірі құс фабрикасында – Бескөл және «Агроинтерптицада» 203 мыңның үстінде құс өлген.  

Ал жеке аулаларға келсек, ауласында құс өсіретін азаматтар жеке қораларда өлген құстың санына орай беріліп жатқан ақпарлардың дәл еместігін, қырылған құстың әлдеқайда көп екенін айтып-ақ жатыр. Мысалы, Қостанай облысында ветеринарлар үш ауылда үш жүзден астам құс қырылғанын хабарлаған. Біздің меншікті тілшімізбен сөйлескен Красная Пресня ауылының тұрғыны Зухра есімді әйел 1300-ге жуық құсынан айырылғанын айтты. 

Зухра Русельбаева, Красная Пресня ауылының тұрғыны:

- 420 үйрек, 380 қаз, 47 тауық, 28 күркетауық өлді. Олардың барлығы асылтұқымды құстар. Бәрін санағанда 1298.

  Ауыл шаруашылығы министрлігі облыстарға вакцина таратылып жатқанын хабарлады. Сондай-ақ, министрліктің мал өнімдері өндірісі мен өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов елде жұмыртқа тапшылығы жоқ деді. Дегенмен алда жұмыртқа, жалпы құс өнімдері бойынша тапшылық туа ма? Бұған орай министрлікте болжам бар шығар, бірақ жарияламады. Тапшылық туса, баға өсетіні белгілі.


Хабарламаларға жазылу