ШҚО-да мамандар 4 оқушының Covid жұқтырғанын жасырып келген

24.09.2020

Шығыс Қазақстанда кеше ғана 1 оқушының коронавирус жұқтырғаны туралы ақпарат тараған еді. Оны Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері де растаған. Ал бүгін облыстағы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары Covid жұқтырған балалардың саны одан да көп екендігін мәлімдеді. Бұндай фактілер оқу жылы басталғанан бері тіркеле бастаған. Алайда ақпарат жасырын болған ба, әлде мамандардың салғырттығы ма бұл туралы енді ғана айтылып жатыр.  Алтай ауданы Парыгино ауылында індетін жұқтырған оқушының жағдайы жақсы. Ол қазір үйінде емделіп жатыр. Онымен бір сыныпта оқыған 12 оқушы, мұғалімдері мен жақын адамдары да медициналық тексеруден өткен. 

Владимир Коробкин, Алтай аудандық ауруханасының бас дәрігері: 

- Парыгина мектебінің оқушысы жедел респираторлық аурумен дәрігерге қаралған. Оған хаттамадағы тиісті алты күн ем жасалды. Қазір үйде ем қабылдауда. Жағдайы жақсы. Жақын арада мектепке барып, сабағын жалғастырады. 

Ал бүгін Шығыс Қазақстан облысының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары мүлдем басқа ақпаратты жария етті. Анықталғандай коронавирус жұқтырған оқушылардың саны 1-еу емес төртеу. Балалар қыркүйек айының басынан бастап сырқаттанған. 

Бағлан Тауанова, ШҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы:   

- 2 оқушы Шемонаиха ауданынан. 1 оқушы Көкпекті ауданының оқушысы және Алтай ауданынан 2-сыныптың оқушысы коронавирус инфекциясын жұқтырған. 

Қазір балалар оқыған Шемонаиха мен Алтай ауданындағы білім ошақтарындағы кезекші сыныптар мен Көкпекті ауданындағы мектеп 14 күнге карантинге жабылды. Залалсыздандыру жүргізген. Ал оқушылардың қауіпті індетті бүгін емес, бірнеше апта бұрын жұқтыра бастағандығын мамандар неліктен осы уақытқа дейін жасырып келгендігі түсініксіз күйде қалып отыр. 

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу