Ақтөбеде мемлекеттік бағдарламамен баспана алған 352 пәтердің тұрғындары шағымдарын жеткізді. Айтуларынша, 3 жыл бұрын тапсырылған жаңа үйде әлі күнге дейін ыстық су, газ бен жарық мәселесі түпкілікті шешілмеген. Биыл тіпті, жылусыз қалатын түрлері бар. Бұл мәселе қалай шешілмек? Жергілікті билік өкілдері не дейді? Жақсыбек Кемал баяндайды.
Жақсыбек Кемал, тілші:
- Осыдан 3 жыл бұрын пайдалануға берілген үйдің сиқы осы. Жертөленің төбесінен су ағып тұр. Ал, едені опырылып ортасына түскен. Тұрғындар жауапты мекемелерге қанша шағымданғанымызбен әзірге нәтиже жоқ деп налиды.
Бұл көпқабатты үш үйдің тұрғындарына ортақ мәселе. Ақтолқын да бала-шағасымен бірге суық пәтерді паналап отыр. Үйде ыстық су мен жылу жоқ. Электр пешін қосып қойған, алайда жарық та жиі сөнеді.
Ақтолқын Қарабалина, қала тұрғыны:
- Ай сайынғы көретін проблемамыз – осы. Өз басым даусым қарлығып, аурудан шыға алмай жүрміз. Себебі, жылу, ыстық су жоқ.
Тұрғындардың кейбірі баспаналарын тастап, туыстарына кетіп қалған. Басқалары амалсыз күн кешіп жатқандарын айтады. Өкініштісі, кезінде тұрғындар пәтерлердің әр шаршы метрін 220 мың теңгеден алған. Бұл элиталы үйлердің бағасынан кем емес.
Шынар Қожабергенова, қала тұрғыны:
- Тұрғанымызға 3-4 жыл болды. Жарық бір айда 3-4 рет сөнеді. Бір бөлмелі пәтерде тұрамыз.
Мұндағы қазандықтан ақау шыққан. Сол себепті жылыту маусымына мүлдем дайын емес. Жөндеуге 15 миллион теңге қажет. Тұрғындардың айтуынша, басқарушы компания ондай қаржы шығаруға құлықсыз.
Венера Дайырова, қала тұрғыны:
- Маусым айынан бері ыстық сусыз отырмыз. Бірінші жылдан бастап ыстық суды қалай сөндірді, жылда жоқ.
Тұрғындар қазандықты әкімдікке қарасты мекеменің қарамағына беруді сұрайды. Жергілікті билік өкілдері болса, мәселені жуық арада шешеміз дейді. Айтуларынша, ипотекалық компания нысанды тапсыру кезінде олқылықтарға жол берген.
Енді ипотекалық компания кеткен олқылықты түзеп, бастан-аяқ жөндеуі тиіс. Олай болмаған жағдайда қала билігі мәселені сот арқылы шешпек.
Жақсыбек Кемал