Кейбір өңірлер жылыту маусымына дайын емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кейбір өңірлер жылыту маусымына дайын емес

30.09.2020

Тұтынушылардың энергетика компаниялары алдындағы берешегі 17 миллиард теңгеден асқан. Бұл туралы Үкіметте жылыту маусымына өңірлердің дайындығын қарау барысында айтылды. Энергетика министрінің сөзінше елімізде 10 мыңнан астам қазандық және 50 мыңнан астам тұрғын үй қысқа дайын. Басым бөлігіне жылу беріліп те қойған. Десе де кестеден қалып қойған өңірлер жоқ емес. Әсіресе Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе және Қарағанды облысының тұрғындары тоңып қалуы мүмкін. Сол үшін министр қысқа дайын болмай қалғандарға жауапкершілікті күшейтуді ұсынып отыр. Ал көмір жеткілікті 70 миллион тоннаға жуық өндірілді дейді Ноғаев. Премьер-Министр соны сату орындарына дер кезінде жеткізіп, жылыту маусымына дайындықты аяқтауды тапсырды. 

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
-Әкімдер белгіленген мерзімде жоспарланған жөндеу жұмыстарын және қажетті көлемде отын жеткізуді аяқтасын. Энергия өндіретін және беретін ұйымдармен бірлесіп, жылыту маусымына дайындық паспорттарын тез арада алуды қамтамасыз етсін. Тұтынушыларды сапалы жылумен қамтамасыз етуге жеке жауап бересіздер. Бұл мәселені Үкімет үнемі бақылауда ұстайды. 

Сондай-ақ Үкіметте интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселесі де қаралды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің айтуынша жыл соңына дейін 5 мыңнан астам ауылға кең жолақты интернет жеткізіледі. Осылайша елді мекендердің 99 пайызы ғаламтормен қамтылады дейді Бағдат Мусин. Ал 5G Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 2022 жылы іске қосылмақ. Ал облыстарға 2025 жылы бірақ барады. 

Досжан Маратұлы


жылыту маусымы

Хабарламаларға жазылу