Ұшаққа оқ атылған: 3 жыл бұрынғы санавиация ұшағының апатына қатысты тың деректер шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұшаққа оқ атылған: 3 жыл бұрынғы санавиация ұшағының апатына қатысты тың деректер шықты

16.09.2020

Алматы облысында 3 жыл бұрын болған ұшақ апатына қатысты жаңа деректер шықты. Бес адам қаза тапқан апаттың себебін анықтаумен айналысқан комиссия өкілдері мен марқұмдардың туыстары істі қайтадан тергеуді сұрап отыр. Айтуларынша, Алматыдан Шымкентке бағыт алған санавиация ұшағы әуелде айтылғандай техникалық ақаудың кесірінен құламаған. Ұшаққа белгісіз біреулер оқ атқан, дейді олар. Себебі осы жылдың сәуір айында жүргізілген тексеріс барысында пилот кабинасынан оқ іздері анықталған. Дегенмен Индустрия министрлігі мұнымен келіспей отыр. Олар ұшақта техникалық ақау болғанына сенімді және ұшақты Ресейден қабылдап алған Азаматтық авиация комитеті де жауапқа тартылуы тиіс дейді.

Нұрлан Ақұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ұшақ апаттарын тергеу бойынша бас сарапшысы:

- Ұшақтың құжаттары дұрыс тексерілмеген. Ұшақты тіркеу және ұшу сертификатын беру үшін тексеріс жүргізген Азаматтық авиация комитетінің мамандары қателік жіберген. Олар жауапқа тартылуы керек еді.

Айта кетейік, 2017 жылы 3 қазан күні Шымкентке ұшып шыққан Ан-28 санавиация борты Алматыдан 28 шақырым жерде апатқа ұшыраған болатын. Ішіндегі 5 адамның бәрі қаза тапты. Олардың үшеуі экипаж мүшесі және екі дәрігер. Олар Шымкенттегі облыстық ауруханада жатқан әйелге көмекке баруы тиіс болатын.


Нұрхан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу