Ресейлік актер Михаил Ефремов 8 жылға бас бостандығынан айырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейлік актер Михаил Ефремов 8 жылға бас бостандығынан айырылды

13.09.2020

Осы аптада Ресейдің еңбек сіңірген кино және театр актері Михаил Ефремовке сот үкім кесті. Естеріңізде болса, ішімдікке сылқыя тойған актер көлік тізгініне отырып, жолдың қарсы бағытындағы автокөлікке соқтығысты. Салдарынан шопыр қайтыс болды.  

Апаттың келесі күнінде Ефремов ес жиып, марқұмның отбасынан, халықтан кешірім сұрайды. «Ефремов деген актер енді жоқ», - деді ол сол бейнесінде. Алайда кейін сотта райынан қайтып, кінәсін мойындаудан бас тартты. Актердің адвокаты Эльман Пашаев «Ефремов рульде отырған жоқ» деген ақылға сыймайтын позиция ұстаған, онысынан еш нәтиже шықпады. Сот актерді 8 жылға бас бостандығынан айырды.

Жаза қатаң дегендер мынадай уәж айтады. Ресейде былтыр адам өліміне апарған жол апаты үшін қылмыстық іске тартылған 3177 жүргізушінің 1231-і шартты түрде сотталып, 1886-сы бостандығынан айырылған. Оның ішінде ең ауыр жазаға кесілгендері, яғни 5 жылдан 8 жылға дейін қамалғаны небары 36 адам. Ал 8 жылдан 10 жылға дейін сотталу дерегі алғаш рет биыл тіркелді. Ол жаңағы Михаил Ефремовке шыққан үкім. 

Актердің әріптестері Михаил Ефремов өз-өзіне қастық жасады, ол бостандығымен қатар, адамдық келбетінен де айырылды, - дейді. Ефремовтың оқиғасы танымалдылық пен ақша сот шешіміне енді еш әсер ете алмайды деген прецендент пе, әлде саяси ойын ба, уақыт көрсетеді.


Хабарламаларға жазылу