Шымкентте бюджет қаражатын жымқырған шенеунік 10 жылға сотталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте бюджет қаражатын жымқырған шенеунік 10 жылға сотталды

26.01.2021

Шымкентте сәулет және құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы он жылға сотталды. Жеңіс Байымбетов жарты миллиард теңгеге жуық бюджет қаражатын талан-таражға салғаны үшін айыпталды. Қомақты қаражат 2019 жылы қаладағы құрылыс жұмыстары жүргізілген жерлерге топографиялық түсірілім жасауға бөлінген. Шенеунік мемлекеттік сатып алу барысында арнайы лицензиясы жоқ мердігермен сөз байласып, қаражатты сол компанияға аудартып жіберген. Алайда атқарылған жұмыс жарамсыз деп танылған. Тергеу барысында олардың бюджет қаражатын қолма-қол ақшаға аударып, өз пайдасына жаратқаны дәлелденді. Осы қылмысы үшін кәсіпкер 8 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Мадияр Әбдірәсілов, әл-Фараби аудандық сотының судьясы:
Түпкілікті осы екі қылмыстардың жиындығымен Байымбетовке 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеу белгіленді. Одан басқа ол өмір бойына мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда басшылық қызметтерді атқару құқығынан айырылды.

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу