7 онлайн платформа жаңа оқу жылына дайын болмай шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

7 онлайн платформа жаңа оқу жылына дайын болмай шықты

13.09.2020

Ал қашықтан оқыту - аптаның басты тақырыбы болып қалды. Өткен жексенбіде біз арнайы материал бердік – тау-тасқа өрмелеген оқушылар мен олар тайып жығылмаса деп соңынан ерген ата-аналар туралы. Тау-тасы жоқ, жазық далада тұратын балаларға тіпті қиын-ау деп қойдық. Ащы мысқыл. Мысқылдап тұрғанымыз оқушылар емес, әрине.   

Мәжіліс депутаттарының сөзінше, білім саласын цифрландыруға соңғы 9 жылда 72 млрд теңге бөлінген. Оның 30 млрд-ы E-Learning электронды оқыту жүйесіне бөлінді. Бірақ нәтижесін, дәлірегі нәтиженің жоғын көріп отырмыз. Бірнеше министрліктің бірігумен жасалған 7 онлайн платформа жаңа оқу жылына дайын болмай шықты. Оқу процесі үзіле береді, оқушылар мен ата-аналардан шағым көп. Дәстүрлі оқу мен онлайнның ортасында жүрген бастауыш мұғалімдеріне де жүктеме көбейді. Тақырыпқа байланысты сөз алған депутаттар дәстүрлі оқыту жүйесіне көшу керек деген.

Сын көбейген соң Білім және ғылым министрлігі дәстүрлі білім беруге дайын екенін айтты. Бірақ... Бірақ Денсаулық сақтау министрі А.Цой дәстүрлі білім беру жүйесіне көшкен елдерде, мысалы Германияда вирус жұқтырудың көбейгенін мысал етіп, ең болмағанда бірінші тоқсанда тұра тұруды айтты. Ал вирус тараудың екінші толқыны қараша-желтоқсан айларына келеді деп болжайды. Демек білім берудегі күрделі жағдайдың көбесі қазір сөгілмейді деген сөз.


Хабарламаларға жазылу