Жолдауды іске асыру жөнінде жалпыұлттық іс-шаралар жоспары әзірленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жолдауды іске асыру жөнінде жалпыұлттық іс-шаралар жоспары әзірленді

09.09.2020

Президент Жолдауын іске асыру жөнінде жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы әзірленді. Бүгін ол Үкімет отырысында таныстырылды. Жаңа экономикалық бағдардың 7 негізгі қағидатына негізделген жоба 10 бағыттан тұрады. 

Жалпыұлттық жобаға сай мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі жасалады. Ал экономикалық өсімге қол жеткізу жаңа жағдайға бейімделу арқылы жүзеге асырылмақ. Өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, шағын және орта бизнесті қолдауға ерекше ден қойылады. Сондай-ақ, өңірлік даму, білім, денсаулық сақтау, цифрландыру сияқты маңызды секторлар да жаңа жобада көрсетілген бағыт бойынша дамиды.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі бүгін ұсынылған жалпыұлттық іс-шаралар жоспары қойылған міндеттерге сай. Президент жоспарды бекіткен соң барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер бірден оны орындауға кірісуі керек. Бірінші басшылар жоспарды үлкен жауапкершілікпен сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуі қажет.

Отырыста Ұлттық экономика министрі 8 айдағы бюджеттің атқарылуы бойынша есеп берді. Тауар өндірісінде 1,7 пайыз өсім бар. Ал пандемияға байланысты қойылған шектеулердің салдарынан көрсетілетін қызмет 6,1 пайызға қысқарған. Нәтижесінде еліміздегі жалпы ішкі өнім 3 пайызға кеміп кетті. Премьер-Министр жаңа жоспарға сәйкес барлық көрсеткіштерді жақсарту бойынша жұмысқа кірісуге тапсырма берді.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Қазіргі жағдайда орталық және жергілікті органдардың бірінші басшылары бюджет қаражатын тиімді игеруді қамтамасыз етуі керек. Қаражатты уақытылы және өз мақсатына пайдалану жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырамын.

Жалпы жыл басынан мемлекеттік бюджетке трансферттерден тыс 5,5 трлн теңге кіріс түсіп, республикалық бюджет 3,5 трлн теңгеге толыққан. 

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу