Қазақстан Ресейлік вакцинаны сатып алмауы мүмкін. Екі ел арасында жасалған келісім тексерудің барлық сатысы сәтті аяқталса ғана жүзеге асады. Президент жолдауын орындау тақырыбындағы брифинг кезінде Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр осылай деді. Сондай-ақ жыл басынан бергі салалық дамудың көрсеткіштері айтылып, оларды ары қарай өсірудің тетектері жарияланды.
Әлемдік пандемия кезінде өндіріс пен өңдеу өнеркәсібіне назар аударған жөн. Жұртқа жалтақтамай қажетімізді өзіміз шығарсақ экономиканың дамуына үлкен көмек болмақ. Президент те Жолдауында осыны ескеріп, саладағы өсімді 1,5 есеге арттыруды тапсырған.
Роман Скляр, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
- Әлемдегі және Қазақстандағы күрделі жағдаймен байланысты күрделі жағдайда 2020 жылдың 7 айында өнеркәсіп 3,8 процентке өсті. Әсіресе формацевтика 23,2 процентке. Машина жасау 13,9 процентке. Жеңілөнеркәсіп 7,3 процентке өскен.
Биыл 18 миллион тонна астық жинау жоспарланған. Оның 7-8 миллион тоннасы экспортталады. Дәл қазір егіс алқабының 63 пайызы орылды. Алдағы 5 жылдықта республикалық жолдарды жөндеуге де ерекшге мән беріледі. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жол салып, оны жөндеуге 5,5 трлн теңге жұмсалады.
Роман Скляр, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
- 2020 жылы республикалық автомобиль жолдары желісінің 4000 шақырымы ашық болады. Қанағаттанарлық жағдайда автомобиль жолдарының үлесі 90 процентті құрайды. 2025 жылға дейін Республикалық автомобиль жолдарының Барлық 100 проценті қалпына келтіріледі және қайта жаңартылады және де сервистік инфроқұрылымды құру аяқталады.
Брифинг барысында Роман Скляр Ресейлік вакцинаға қатысты да түсініктеме берді. Айтуынша алдын ала жасалған келісім қандай жағдай болмасын екпені сатып алуға міндеттемейді.
Роман Скляр, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
- Қазір екпе сынақтың екі фазасынан өтті. Үшіншісі шамамен желтоқсан айына қарай аяқталады. Барлық тексеріс аяқталып, вакцинаның пайдасы дәлелденгеннен кейін ғана біз оны сатып алу-алмау туралы шешім қабылдаймыз.
Осылайша қоғамда қызу талқыға түскен вакцина алу мәселесіне қатысты түсініктеме беріп, алаңдауға еш негіз жоқ екенін айтты.
Оңғар Алпысбайұлы