Басты Жаңалықтар Кәсіпкер несиесінің 6 пайызын мемлекет субсидиялайды: Шағын және орта бизнесті қолдау жалғасады

Кәсіпкер несиесінің 6 пайызын мемлекет субсидиялайды: Шағын және орта бизнесті қолдау жалғасады

Эпидахуалға орай қиындыққа тап болған кәсіпкерлерге көмек көрсету жалғасады. Мемлекет басшысы бүгінгі Жолдауында жалпы бизнесті қолдау туралы көп айтты. Себебі экономиканы ілгері сүйреуші – іскер орта. Бірақ экономиканы дамыту жайына жаңа көзқарас керек. Әйтпесе қарышты қадам жасауы күмәнді. 

Шағын және орта бизнес шатқаяқтап қалды. Сарапшылар 100 мыңдай кәсіпкер барынан айырыла ма деп алаңдайды. Бірақ мемлекет көмегі дер кезінде көрсетілді. Төтенше жағдай жарияланған тұста Президент іскер ортаны жеңілдікпен несиелеу тетігін табуды тапсырған. Бұл бағытқа 600 млрд теңге бөлініп, 6 пайызбен мемлекеттік субсидиялау қамтамасыз етілді. Бағдарлама 2021 жылға дейін ұзартылатын болды. Қосымша 200 млрд тг қаралып, қаржыландыру көлемі 800 млрд тг жетеді. 

Дос-Мұқасан Тәукебаев, кәсіпкер:

- Біздің мынау несиелерімізді банктен 14 пайызбен алған болса, 6 пайызға дейін түсіру туралы тапсырма берді. Ол біз үшін үлкен көмек. 

Кәсіпкерлікке кедергі келтіру – мемлекетке жасалған қылмыспен тең. Қасым-Жомарт Тоқаев негізсіз тексерулерді түбегейлі жою керектігін айтты. Шағын және орта бизнес қызметінің жаңа құқықтық базасын әзірлеуді тапсырды. 2025 жылға қарай саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 35%-ға, ал жұмысшылар саны 4 млн-ға жетуі керек.   

Президент Ұлттық банк ішінен құрамында тәуелсіз мүшелері бар кредиттік саясат комитетін құруды да тапсырды. Бұл орган қаржы мен несие саясатын жүйелеуі тиіс. Кей несиенің мөлшерлемесін төмендету бойынша шара қолдануы шарт. Сондай-ақ инвесторлар тарапынан теңгеге сенім азайды. Экономиканы әртараптандырудың әлсіздігі мен курстың құбылмалығы шетел инвестициясын тежеп отыр. Осы ретте валюталық нарықты реттеу керек. 

Алмас Арзықұлов, сарапшы:

- Бұлардың барлығы комплексті түрде бірін-бірі толықтырып тұратын нәрсе. Жеке, бір жерін дамытып, басқа жерін дамытпаймыз деген жоқ бұл жерде. Әртараптандыру. Бүкіл экономиканың жан -ағын мүмкіндігінше дамыту керек деген мәселе. 

Экономика – мемлекеттің мәпелеуінен кетуі керек. Бүгінде орталық органдар, әкімдіктер мен холдингтердің меншігінде 7 мыңдай нысан бар. Енді мемлекет меншігінде тек әлеуметтік және мемлекеттің қауіпсіздігі мен қалыпты жұмысын қамтамасыз ететін ұйымдар ғана қалуы керек. Квазисектордағы қызметкерлер санын азайтып, құр еншілес компанияларды қысқартқан дұрыс. Осы ретте «Бәйтерек және «ҚазАгро» холдингтерін біріктіріп, штатты 50 пайызға кемітуді тапсырды. Үкімет жаңа жекешелендіру жоспарын қабылдауы тиіс. «Тікелей Президентке қарасты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі құрылсын»,-деп пәрмен берді.

Алуа Жолдыбалина, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бөлім басшысы:

- Ұлттық корпорациялар, холдингтер санын азайту стратегиялық маңызды қадам болған кезінде. Мемлекетті дағдарыстан алып шығуды, жұмыс орнын қамтамасыз етудің маңызды қадамы ретінде. Бірақ уақыт өте келе ол өз міндетін атқарып болды. Экономика саласы бойынша әлемдік тренд бойынша жеке секторға, жеке бизнеске беріп жатыр. Не себепті? Ол орта бәсекелестік тудыртады. 

Президент айтқан тағы бір мәселе – өнеркәсіптік әлеуеттің әлсіздігі. Әлі күнге дейін өңделген тауарлардың үштен бірі шетелден келеді. «Демек ішкі нарықтың мүмкіндіктерін пайдалана алмай отырмыз»,-деп сынады. Сондықтан ұлттық индустрияны дамыту тұрғысында жаңғыртылған заңнамалық негіз қажет. Өнеркәсіпке қолдау көрсетудің нақты шараларын да жетілдіруге пәрмен берді. Бүгінде мәжбүрлі сипаттағы 40-қа жуық салық пен жинақ алынады.   

Қасым-Жомарт Тоқаев «Атамекен» ұлттық палатасына депутаттармен бірлесе отырып салық кодексіне ревизия жүргізуді тапсырды. Осылайша салықтық міндеттерді барынша азайтып, төлемдер көлемін кеміту мақсаты тұр. Тоқ етері, табысты экономика ғана халықтың әл-ауқатын арттырады. 

Нысаналы Ығыл


Бөлісу