Семей полигонынан зардап шеккен азаматтарға әлеуметтік кепілдіктер шеңбері одан әрі де кезең-кезеңімен кеңейтіледі. Үкімет осы санаттағы жұмыстарды жалғастыруды қарастырып жатыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Семей ядролық полигонының жабылған күніне байланысты үндеуінде жазды.
Онда 29 жыл бұрын, тап осы күні Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қару-жарақтан бас тарту туралы теңдессіз тарихи шешім қабылдап, антиядролық қозғалыстың көшбасшыларының бірі болғаны айтылған. Соның нәтижесінде Біріккен Ұлттар Ұйымының қаулысымен 29 тамыз Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жарияланды.
«...Осылайша 450-ден астам жарылыс жасалған әлемдегі ең ірі ядролық сынақ алаңының бірі – Семей полигоны, бұрынғы Кеңес Одағы басшылығының қарсылығына қарамастан, біржола жабылды. Бұл өскелең ұрпақтың жарқын келешегі мен мемлекетіміздің баянды болашағы жолында жасалған шешуші қадам болды. Сонымен қатар әлемнің әр түкпіріндегі сынақ алаңдарының жабылуына жол ашқан батыл бастамаға айналды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тарихта тұңғыш рет ядролық полигонды өз еркімен жабу жөнінде парасатты шешім қабылдауы арқылы әлемдегі қауіпсіздікті және бейбітшілікті қамтамасыз етуге зор үлес қосты», - делінген Үндеуде.
Асима Нұрбайқызы