Вице-премьер Нұр-Сұлтандағы онкологиялық орталықтың құрылысымен танысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Вице-премьер Нұр-Сұлтандағы онкологиялық орталықтың құрылысымен танысты

26.08.2020

Елордада Орталық Азиядағы ең озық онкологиялық орталық салынып жатыр. Бүгін вице-премьер құрылыс барысымен танысып, емдеу орнының кеселмен күрестегі қауқарына қанықты. Ералы Тоғжанов медициналық ұйым қызметкерлерінің қажеттілігін сұрады. Қазір оларға жатақхана керек. Мəселені қалалық əкімдікпен шешуге тапсырма берілді. Сондай-ақ Үкімет басшысының орынбасары өндіріс орындарын аралады. 

Таяу күндері ауруханаларға 1500 өкпені жасанды желдету аппараты жеткізіледі. Құрылғы елордадағы кəсіпорында жасалған. Вице-премьер отандық өнімді шығару қарқынымен танысты. Зауыт алдағы уақытта тепловизор мен компьютерлік томография өндіруді көздеп отыр.

Нысаналы Ығыл, тілші:

- Бұл салынып жатқан нысан – Ұлттық ғылыми онкология орталығы. Құрылысы 2021 жылдың аяғына таман бітеді деп күтіліп отыр. Орталық таза ғылымға негізделген. Мұнда тəжірибе де жүргізіледі, зерттеу де жасалады жəне соңғы озық медициналық технология арқылы жаман аурудың алдын алуға жəне жүйелі түрде емдеуге екпін берілмек.

Онкология орталығы Орталық Азия бойынша оқ бойы озық болады. Мұнда медицина мамандары, химиктер, физиктер жəне инженерлер иық теңестіре тер төгеді. Ұжымда 2 мың адам жұмыс істейді деп жоспарланған. 40 қызметкер əлемнің үздік орталықтарында білімін шыңдайды.  

«Қазір бізде жылына 30 мыңдай адам онкологиялық дертке шалдығып, жартысына жуығы ажал құшады.Емдеудің тың тəсілін енгізудің арқасында кеселді ерте сатысында анықтап, өлім-жітім кемиді, мүгедектер азаяды»,-дейді мамандар.

Əділбек Мұқажанов, Ұлттық ғылыми онкология орталығы басқарма төрағасының орынбасары:

- Мысалы ядролық медицина, Р диагонстика дейміз - соның бəрі осы жерде болады. Жəне протондық орталық салынады.

Ал қазіргі Ұлттық ғылыми онкология орталығы амбулаторияға айналады. Зертхана əрі оқу бөлімдері де сонда шоғырланбақ. Ал жаңасында дүниежүзінің ғылымы мен соны технологиясы ұштасады.

Нысаналы Ығыл

Хабарламаларға жазылу