Коронавирустан айыққан науқастардың денсаулығы сыр бере бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавирустан айыққан науқастардың денсаулығы сыр бере бастады

25.08.2020

Коронавирустан кейін денсаулығым күрт нашарлады. Соңғы уақытта дәрігерлерге дәл осындай шағыммен келетіндер көбейген. Бірі ішкі органдардың ауруымен жүгінсе, енді бірі жүрек ауруының пайда болғанын айтады. 

COVID-19-дан кейін Әселдің денсаулығы сыр бере бастаған. Ай күні жетіп, баласын бауырына басты. Бірақ бөпесін өбектеумен емес, аурухана жағалаумен әлек. Босанғаннан кейін одан вирус анықталған. Үш апта бойы дерттің ең ауыр түрімен күресті. Аурудың беті қайтқанымен, салдары оңай болмай тұр.  

Әсел Әмірханова, қала тұрғыны:

- Коронавирустан кейін қанымда өзгеріс болды. Қан қысымым көтеріліп кетті. Жүрегімде тахикардия пайда болды.. Басым жиі ауырады. Буындарым қақсап, кейде қолым қарысып қалды, терім бөртіп кетеді. 2-3 күн жақсы боп жүремін де қайтадан ауыра бастаймын. Қазір үздіксіз дәрілер ішіп, кешенді ем қабылдап жатырмын.  

Әселдің емделгеніне екі айдан асса да, нәтиже шамалы. Ем-домына жұмсаған қаржы да аз емес. 500 мың теңгеден асады. Қатерлі індет халыққа материалдық та моральдық жағынан да оңайға соққан жоқ. Әлеуметтік желідегі мына жазбада шағымданған жұрттың қарасы қалың. Бірі буыным қақсады дейді, енді бірі жүрекке өзгеріс барын айтады. Тіпті шашы түсіп, арықтап кеткендер де бар. 

Серікхали Мұхамбет, №15 қалалық емхананың терапевті :

- Асқынулар бар, көп асқыну. Жиі кездесетін асқынулар ұйқы безінің аурулары, холестит, гепатамегалия, гастрит, қанттың қанда жоғарылауы. Артроздар, артирид науқастардың арасында көп.  

Вирустан кейінгі асқыну, үлкендерде ғана емес, жастарда да байқалған. Әсіресе, қанның ұюы, өттің толуы, ұйқыбезі аурулары, әлсіреу жиі кездескен. Халықтың мұндай шағымынан министрлік те хабардар. Сол себепті сақтандыру қоры есебінен оңалтудың бірнеше жоспарын жүзеге асырмақ. 

Бағдат Қожахметов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі:

- Науқастардың денсаулығын оңалтатын қандай санаторий бар. Солардың тізімін жинап, конкурс жариялап, жеңсе, сол тізім бойынша дәрігерлер жолдама береді. Сол жолдамамаен өзінің денсаулығын қалпына келтіретін мүмкіндік бар. 

Бірақ санаториға жолдама вируспен ауырғандардың бәріне берілмейді. Тек індеттің ең ауыр түрін өткергендер ғана пайдалана алады. Оңалтуға қатысты жоспардың қашан әрі қалай жүзеге асатыны әзірге белгісіз. Ал мамандар вируспен ауырғаннан кейін міндетті түрде дәрігердің бақылауында болып, тексерілген жөн дейді.  

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу