Кәсіпкерлікпен айналысуға 17 мыңнан астам қайтарымсыз грант берілді.
Бүгін Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов осылай деді.
«Еліміздегі барлық мемлекеттік бағдарламалар әлеуетін ескере отырып, биыл 1 млн 220 мың адамды жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланған болатын. Бүгінде 743 мың адам осы шараларға тартылды. Оның ішінде Еңбек бағдарламасына 379 мың адам қатысуға ниет білдірді. Оларға кәсіпкерлікпен айналысуға 5 800 жеңілдетілген несие, 17 200 қайтарымсыз грант берілді», - деді министр.
Министрдің айтуынша, қысқа мерзімді оқытумен, кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға барлығы 34,5 мың адам қатысуда. Қыркүйек айында қосымша ҰБТ-дан өтпей қалған мектеп түлектері жұмысшы мамандықтар бойынша тегін техникалық-кәсіптік оқуға жіберіледі.