Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев ядролық сынақ құрбандарына арналған монументке гүл шоқтарын қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев ядролық сынақ құрбандарына арналған монументке гүл шоқтарын қойды

29.08.2020

Ядролық сынақтар алаңына айналған Семейде бүгін радиация құрбандарын еске алуға арналған салтанатты шара өтті. Оған Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев бастаған делегация қатысты. Сондай-ақ өңірге арнайы барған топ Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай шаһарда жөнделіп жатқан мәдени ошақтарды аралап, қаланың тыныс-тіршілігімен танысты. 

Мемлекеттік хатшының сапары Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне орай Семей полигоны құрбандарына арналған «Өлімнен де күшті» монументіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Қазақ халқына қасірет шектірген тарихи оқиға құрбандарын еске алған делегация мүшелері бір минут үнсіздік жариялады. Мемлекеттік хатшы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаралы күнге арналған арнайы үндеуін оқыды. 

Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

- Осыдан тура 29 жыл бұрын 29 тамызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұтан Назарбаев ядролық қарудан бас тарту туралы теңдесіз тарихи шешім қабылдап, антиядролық қозғалыстың көшбасшыларының бірі болды. ББҰ қаулысымен 29 тамыз - Халықарылық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жарияланды. 

Қырымбек Көшербаев бастаған делегация жаңартылған Абай алаңына барып, ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Биыл қалада Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай бірнеше нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Солардың бірі - Абай театры. 1981 жыл салынған нысанның көрермен залы, сахна мен кіре берістері түгелдей жаңартылған. Ал Абай мұражайында ғылыми реставрациялық жұмыстар жүргізілген. Іші заманауи үлгіде жөнделіп, экспозиялық залдар жаңа кейіпке енді.

Мейрамгүл Қайрамбаева, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі директорының орынбасары:

- Бас музей экспозициясының толық жаңалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұндағы біздің басты міндетіміз - Абайды насихаттауды жаңаша бір деңгейге көтеру. 

Қалада жаңадан бой көтеріп жатқан Қарағайлы шағын ауданындағы құрылыс та назардан тыс қалмады. Түстен кейін делегация сапары Абай ауданында жалғасты. Онда меймандар хакімнің мерейтойына орай жөнделген тарихи орындарды аралады. Құнанбай ұрпақтарының қорымы орналасқан Ақшоқы, Абайдың туған жері Сырт Қасқабұлақта салынған саябақ, ғылыми реставрациялық жұмыстар жүргізілген Жидебайдағы Абай мен Шәкәрім кесенесі, сондай-ақ Абайдың музей-үйімен танысты. 

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу