Африка елдерінде коронавирус жұқтырғандар саны миллионға жетсе, Үндістанда бұл көрсеткіш 2 миллионнан асты. Қауіпті көшті бастап тұрған АҚШ-та 160 мыңдай адам көз жұмды. Дегенмен, мамандар желтоқсанға дейін олардың саны 300 мыңнан асуы мүмкін деп отыр. Себебі вирустың таралу қарқыны жер-жерде қайта күш алып барады.
Германияның біраз қалаларында мектептер ашылуға дайын. Алайда елдегі эпидемиялық ахуал көңіл көншітпейді. Соңғы күндері науқастар саны күрт артқан. Осыған байланысты вирус өршіп тұрған елдерден барған саяхатшылар тест тапсырып, 14 күндік карантиннен өтуге міндеттелді.
Йенс Шпан, Германия Денсаулық сақтау министрі:
Туристер үшін тестілеу тегін болады. Талаптарды сақтамағандар 25 мың еуроға дейін айыппұл төлеуі мүмкін. Күніне мыңнан астам адам инфекция жұқтыруда. Бұл өткен аптамен салыстырғанда едәуір көп.
Перуде 20 мыңнан астам адам COVID-19 құрбаны болды. Ауруханалар науқастарды қабылдап үлгермей жатыр. Тіпті қайтыс болғандарды жерлеуге орын жоқ.
Аиде Санчез, жергілікті тұрғын
Әкем әлі жерленбеді. Көмуге орын жоқ деп отыр. Денесі екі күннен бері ауруханада жатыр.
Австралия вирустың таралуын бәсеңдету үшін штаттар арасындағы қатынасқа тыйым салды. Бүгіннің өзінде Виктория штатында жұқпалы дертке шалдыққан 450-дей адам тіркелді. Жалпы елде 20 мыңнан астам науқас болса, олардың 13400-і осы Викторияға тиесілі.
Коронавирусқа қарсы вакцина елдер арасында тең бөлінуі тиіс! Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері осылай дейді. Мамандар сонда ғана әлемдік экономика қалпына тез келетініне сенімді.
Тедрос Аданом Гебреисус, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры:
Әлем тезірек қалпына келу үшін, бірлесе әрекет етуіміз керек. Вакцина шығарған мемлекеттерде басымдылық болмауы тиіс. Жахандық қоғам игілігі үшін препарат барлық елге бірдей таратылуы қажет.
Бразилия болса, сондай вакцинаның бірін сатып алуға тапсырыс беріп те қойды. Ел президенті оған 356 миллион доллар бөлу туралы жарлық шығарды. Препарат тұрғындарға желтоқсан-қаңтар айында беріледі деп жоспарланып отыр.
Жансая Қапасқызы