Ұлттық арнадан «Теледәрігер» жобасы эфирге шығады

07.07.2020
Ұлттық арнадан «Теледәрігер» жобасы эфирге шығады

«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы 9 шілдеден бастап тікелей эфирде «Теледәрігер» жобасын бастайды. Еліміздің білікті дәрігерлері бес күн бойы тікелей эфир арқылы көрермендермен байланысқа шығып, әлемді жаулаған коронавируспен күресудің жолдарын түсіндіреді. 

Бағдарлама сұрақ-жауап форматында ұйымдастырылып, студияға келген мамандар тек көрермен тарапынан келіп түскен сауалдарға жауап береді. Ол үшін телефон желісі, WhatsApp мессенджері, Skype бағдарламасы сияқты кері байланыс орнатудың бірнеше платформасы қарастырылған. 

Бағдарлама барысында кез келген адамның студиядағы +7 (7172) 75-71-71 нөміріне қоңырау шалып, сұрағына жауап алуға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ ел тұрғындары +7 775 9073163, +7 775 9073159 WhatsApp нөмірлеріне алдын ала бейнесауал жолдап, тікелей эфир уақытында тиісті маманның кеңесін ала алады. Одан бөлек, дәрігерлерге Skype-байланыс арқылы сауал қою мүмкіндігі қарастырылған. 

Жоба телеэфирден бөлек, Ұлттық арнаның qazaqstan.tv ресми сайты мен Facebook, You Tube желілеріндегі qazaqstantv парақшаларынан тікелей трансляцияланады. 

Негізгі мақсат – ел тұрғындарына, әсіресе шалғай ауыл-аймақтағы көрерменге қазіргі күрделі ахуалға байланысты күнделікті медициналық кеңес беру. Дәрігерлер тікелей эфир барысында COVID-19 вирусы мен өзге де аурулардан сақтану мен алдын алу шаралары, емдеу тәсілдері туралы нұсқаулық береді.

Тележоба дүйсенбі-жұма күндері 20:30-да эфирде шығады.


Хабарламаларға жазылу