Мүмкіндігі шектеулі жандар өз статусын онлайн форматта дәлелдей алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мүмкіндігі шектеулі жандар өз статусын онлайн форматта дәлелдей алады

25.06.2020

Мүмкіндігі шектеулі жандар өздерінің мүгедек екенін онлайн форматта дәлелдей алады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов кезекті есепті жиында айтты. Оның сөзінше, мүгедектер құжаттары мен дәрігер анықтамаларын электронды форматта тапсырады, медициналық әлеуметтік сараптама онлайн тағайындалады. Ұсыныс жыл соңына дейін бекітілмек. Сондай-ақ кемтар жандарды жұмыспен қамту, шетелдік тәжірибеге сәйкес компанияларға жұмысқа алу туралы талап қою мәселесі қаралып жатыр. Атаулы әлеуметтік көмек алатын 125 мыңдай отбасына да қолдау күшейеді. Олардың балаларына қамқорлық таныта отырып, әлеуметтік бейімделуі, жұмысқа орналастыру, оқыту, шағын бизнесін ашуға қолдау танытатын орталық саны көбейеді.

Әлеуметтік саладағы тағы бір жаңалық. Биыл қарияларға арналған ұлттық жоспар әзірленбек. Алматыдағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жұмысын негізге ала отырып, ұлттық жоспарда қарттардың заманауи дағдыларға бейімделуі, өмірлік тәжірибесін жастармен алмасуы, денсаулығына көңіл бөлуі, бос уақытын тиімді өткізу мәселелері қамтылады. Ресми мәліметке сәйкес 65 жастан асқан қарттардың саны өсіп келеді. Мәселен, 2015 жылы 6,8 пайыз болса, қазір 11 пайыздан асты. Бұдан бөлек, есепті кездесуде еңбек қатынасы, әлеуметтік төлем, цифрландыру, халықты жұмыспен қамтуға арналған бірқатар жоспарлар айтылды.

Раушан САЙЛАҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу