Коронавирусқа қарсы вакцинаның жүздеген миллион дозасы шығарылуы мүмкін

18.06.2020

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы биыл коронавирусқа қарсы вакцинаның жүздеген миллион дозасы шығарылуы мүмкін екенін айтты. Алайда оның қай елдерге және қалай бөлінетіні әзірге белгісіз. Бұл мәселені шешу үшін ұйым барлық мемлекеттермен бірлесіп жоспар құрмақ.

Бүгінде коронавирусқа қарсы он шақты вакцина сынақтан өткізіліп жатыр. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының айтуынша, жұқпалы дертке дауа жыл соңына дейін дайын болуы ықтимал.

Сондай вакциналардың бірі Ресейде шығарылып, бүгінде тоғыз адамға сыналды. Нтәижесі алдағы уақытта белгілі болады. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп пандемияның өршуіне қарамастан, бизнес жұмысын тоқтатпайтынын айтты.

Қытай астанасы Бейжіңде тұрғындардың алыс-жақын аумақтарға сапарлауына тыйым салынды. Жұқпалы дерттің өршуінен, төтенше жағдай екінші деңгейге көтерілген. Ал Мысырда COVID-19 инфекциясына тест алатын робот шығарылды. Ол медицина мамандарының науқастармен тікелей байланысын азайту мақсатында жасалған. Робот ауыз қуысынан зертханалық үлгілерді алып, температураны тексеріп, маска тақпағандарды анықтап, кеңес бере алады. Туынды авторлары құрылғы алдағы уақытта әуежайларға, банктер мен сауда орталықтарына да қойылуы мүмкін деп отыр.

Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу