Қызылорда мен Атырау облыстарында карантин шаралары күшейтіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда мен Атырау облыстарында карантин шаралары күшейтіледі

17.06.2020

Қызылорда облысында карантин режимі қайта күшейтілді. Себебі аймақта коронавирус инфекциясының таралу көрсеткіші 7 пайыздан асып, індет өрши түскен.

17 маусымнан бастап облыс аумағында спорттық-мәдени, ойын-сауық шаралары мен конференция, семинарлар мен отбасылық той-томалақты өткізуге қатаң тыйым салынды. Мемлекеттік мекеме, ұлттық компания қызметкерлерінің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеу режиміне көшеді. Сондай-ақ, барлық сауда орындары мен қоғамдық көлік қызметінің жұмыс уақыты қысқарды. Ал алдағы уақытта іске қосылады деген жазғы тынығу лагерлері, кинотеатр, фуд-корд алаңдарының ашылуы тағы да кейінге шегерілді.

Атырау облысында ДА карантиндік шектеу шаралары 18-маусымнан бастап қайта күшейтіледі. Өңірдің бас санитары енгізген жаңа қаулыға сай, енді тұрғындар түнгі сағат 11-ден кейін көшеге шыға алмайды. Сондай-ақ, алаңдар мен саябақтарда және жағалауда қыдыруға тыйым салынды. Балабақшалар мен мектепке дейінгі ұйымдар, қала сыртындағы сауықтыру орталықтары мен лагерьлердің жұмысы тоқтатылады. Мешіттердің де есігі жабылды. Азық-түлік базарлары 10-нан кешкі 5-ке дейін, ал супермаркеттер мен дүкендер 9-дан кешкі 9-ға дейін жұмыс істейді.

Әділбек СЕРІКҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу