Қандыағаш қаласында шектеу шаралары күшейтіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қандыағаш қаласында шектеу шаралары күшейтіледі

11.06.2020

Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданының орталығы – Қандыағаш қаласында ертеңнен бастап, шектеу күшейеді. Мәдени, спорттық шаралар өткізуге тыйым салынды. Той және садақа өткізуге де болмайды. Ал 15-ші маусымнан бастап балабақшалардың жұмысы тоқтайды. Мектеп түлектеріне кеш өткізуге рұқсат жоқ. Фитнес, жаттығу залдары, саябақтағы балалардың ойын алаңы, спорт кешендері мен компьютер клубтары да жұмысын тоқтатуы тиіс.

Қарағанды облысында да бірқатар карантиндік шектеулер күшейеді. Өңірде Covid-19 жұғу өсімі 7% көрсеткішінен асып кетті. Тек соңғы аптада ғана 300 астам симптомсыз вирус тасымалдаушы анықталған. Облыс бойынша Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Саран, Қарқаралы, Шет, Бұқар Жырау және Абай аудандарында жұқтырғандар саны көп. Індетке шалдыққандардың жалпы саны 1290-ға жетті. Сырқаттанғандардың басым бөлігі жаппай отбасылық іс-шаралардан кейін анықталуда. Бұған азаматтардың карантиндік шараларды сақтамауы себеп болып отырғанын атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек. Осыған байланысты 13 маусымнан бастап Жезқазған, Қарқаралы ауданы, Шет ауданының Жарық кенті қоршалады және блокбекеттер орнатылады.

Жақсыбек КЕМАЛ


Хабарламаларға жазылу