Бурунди Республикасының басшысы Пьер Нкурунзиза 55 жасқа қараған шағында жүрек талмасынан қайтыс болды. Саясатқа хуту халықтарынан құрылған шағын әскери топтың командирі болып бастап, кейін партия құрған ол 15 жыл бойы ел басқарды. Нкурунзиза бірнеше рет өзін Жаратқанның айтуымен бүтіндей бір ұлтты басқарып жүргенін мәлімдеген болатын.
Соңғы уақытта экс-президентті коронавирус пандемиясына қарсы шаралардың жоқтығына байланысты көп сынға алған еді. Алайда ол Бурунди халқын Жаратқан қолдайтынын айтып, ешкімнің айтқанына көнбеген. Елдегі бірнеше дереккөздер Нкурунзизаның әйелі COVID-19 инфекциясын жұқтырып, ауруханаға түскенін мәлімдеген еді. Бірақ экс-президенттің өзі де вирус жұқтырғандығы туралы әзірге ақпарат жоқ.
2005 жылы президенттік сайлауда қарсыластарының жоқтығынан ел парламентінің шешімі бойынша президент болып сайланған Нкурунзиза, 2015 жылы үшінші рет президенттікке үміткер болатынын айтқан болатын. Бұл мәлімдемеден кейін елде жаппай толқулар басталып, 1200-ге жуық адам қаза тапты. 200 мыңнан астам адам өзге мемлекеттерге қашып кеткен болатын. Нкурунзиза көтерілісті қарулы күш көмегімен тоқтатып, Конституцияға өзгеріс енгізді.
ВВС