Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің тауарлары бірыңғай әдіспен таңбаланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің тауарлары бірыңғай әдіспен таңбаланады

19.12.2018

Бүгін Мәжілісте тиісті құжат қаралып, мақұлданды. Заңның тиімді тұстары көп. Контрафактілік тауарлар жойылады, отандық кәсіпкерліктің тамырына қан жүгіреді. Орайы келгенде орып қалайын дегендердің жолы кесіледі. Келісім бойынша кедендік одақ аумағына әкелінген және одақ аумағында өндірілген тауарлар таңбалануға жатады.

Тізгін бөлек,тірлік бірге. Тауарды бірыңғай әдіспен таңбалағаннан не ұтамыз? Біріншіден, көлеңкелі заңсыз кәсіпкерлікке жол берілмейді, бюджетке салық түседі, тауар сапасы артады. Таңбалануы жоспарланған тауарлар қатарында дәрілік заттар да бар. Осы ретте, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бұл жағдайда ең алдымен дәрілік заттардың құнына байланысты халықтың мүддесін ескеру қажеттігін ерекше атап өтті. Яғни, баға еркелеп, еркіне кетпеуі тиіс.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Бүгінде барлық дамыған елдер дәрілік заттарын таңбалайды. Біз де осы ағымнан тыс қалмауымыз керек. Халық дәріханалар мен ауруханаларда жоғары сапалы дәрілер қолданатынына толық сенімді болуы қажет. Сонымен бірге, біздің дәрілік заттарды өндірушілер, дәріханалар мен ауруханаларға қажетті жабдықты сатып алу үшін мемлекеттік қолдау көрсету мәселелерін мұқият зерделеуі өте маңызды деп санаймын. Таңбалауды енгізу дәрі-дәрмек бағасының артуына әсерін тигізбеуі керек. Бұл тұрғындар үшін өте маңызды мәселе.

Таңбаланатын тауар тізбесі одаққа кіретін елдердің ұсынысымен комиссияның отырысында бірауыздан бекітіледі. Өз қажеттілігі үшін әкелінген тауарларды таңбалаудың қажеті жоқ. Бізде тек акциздік маркалар болды. Қазіргі акциз күшін жояды.

Дархан Мыңбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Экономикалық одақтың кейбір елдерінде қазірдің өзінде тауар таңбалаудың ұлттық жүйесі бар. Цирфлық технологияны қолдануға мүмкіндігіміз бар.

Мәселен, темекі өнімдерінде ортақ таңба болса, заңсыз сауда 5 пайызға азайған күннің өзінде адал кәсіпкерлер табатын пайда 2 миллиард теңгеге өседі. Дәрі-дәрмекпен де солай. Қара нарықта дәрі-дәрмектің үлесі 50-60 пайыз. Оның көзі жойылса, пайда 100 миллиард теңгеге өседі. Былтыр пилоттық жоба енгізіліп, тері бұйымдары таңбаланған еді. Нәтижесінде 240 мың тері өнімі көлеңкеден шығарылды. Біздің елге салық төлеген импорттаушылар 23 пайызға артты, салық 1,5 есе өсті.

Әлихан Смайылов, ҚР Қаржы министрі:

- Шағын бизнеске лизинг негізінде немесе жалға беру негізінде тиісті принтерлерді беруге міндетті болады, банктерден қолдау көрсетілетін болады.

Мәжілісте барлық фракция депутаттарының қатысуымен ЕАЭО-та тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау мәселесі қызу талқыға түсті. Нәтижесінде депутаттар оның қажеттілігі туралы тоқтамға келді. Ұзақ талқылаудан кейін құжат мақұлданды. Мамандар 2 жылдың ішінде нәтиже болады дейді. Болашаққа деген болжам осындай.

Индира БЕГАЙДАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу