Еуразиялық экономикалық одақтың мүмкіндігі зор - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуразиялық экономикалық одақтың мүмкіндігі зор

03.06.2014
Еуразиялық экономикалық одақтың мүмкіндігі зор
Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуынан барлық тарап ұтады. Ең бастысы -  2015 жылдан бастап қарапайым азаматтар да интеграцияның игілігін сезетін болады. Мәскеу қаласында өткен баспасөз мәслихатында Еуразиялық экономикалық комиссияның министрлері осылай деді.
 
Жиында экономикалық одақ туралы келісімді әзірлеп, интеграциялық процесстердің басы-қасында жүрген шенеуніктер, Астанада қол қойылған құжаттың мән-маңызын түсіндіріп берді.
 
Интеграция тұрақтылық пен өзара даму үшін керек. Кедендік одақ пен бірыңғай экономикалық кеңістік құрылған өткен жылдар табыстың көзі бірлесе дамуда екенін көрсетіп берді. Сондықтан Еуразиялық экономикалық одақ жұмысын бастаған соң, оның игілігін барша қауым, бастысы қарапайым азаматтар да көреді.
 
Татьяна Валовая, ЕАЭК Интеграцияның басты бағыттары және макроэкономика жөніндегі министрі:
Ірі компанияларда жұмыс істейтін, кәсіпорындарды басқаратын және ең бастысы шағын және орта бизнес саласында жүрген адамдарға бірқатар жеңілдік болады.
 
Содан соң қарапайым адамдар да кез келген елге барып жұмыс істей алады. Бұрынғыдай тіркеуге тұру, квота алу, дипломның өзге елде жарамдылығы жөнінде проблема болмайды. Әлеуметтік жағынан толықтай қорғалады.
 
Алдағы жылдары одақ құрамындағы елдер ортақ кеңістікте өмір сүріп жатқанын нақты сезетін болады. Себебі қазіргідей тараптар арасында тек сауда-саттық дамып қана қоймай, энергетика, көмірсутегі және қаржы салалары бойынша ортақ нарық құрылатын болады. 
 
Андрей Слепнёв, Еуразиялық экономикалық комиссияның Сауда министрі:
Осы одақтың аясында қаржылық қызметтің ортақ нарығы 2025 жылға қарай құрылып, оның реттеуші органы Алматы қаласында орналасады. Алайда бұл валюталық одақ құрылады деген сөз емес. Себебі қазіргі таңда, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің арасында ортақ валютаға деген ешбір қажеттілік жоқ. Сондықтан бұл мәселе тіпті талқыланып жатқан жоқ.
 
Еуразиялық экономикалық одаққа, енді бірінші болып Армения қосылуы мүмкін. Әлемнің өзге де бірқатар мемлекетті, бұл бірлестікке ниет білдіріп отыр. Алайда басты мақсат - одақ құрамындағы елдердің санын арттыру емес. Сондықтан жаңадан мүше болғысы келген елдердің мүмкіндігі мен әлеуеті, өзгелерге сай болуы керек.
 
 
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу