ЕАЭО-ның келешектегі дамуы Санкт-Петербургте талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ЕАЭО-ның келешектегі дамуы Санкт-Петербургте талқыланды

07.06.2019

Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне арналған бірыңғай валюта енгізу жайы ортақ келісімде көрсетілмеген. Тіпті бұл мәселе қазір талқыланбауы да тиіс. Бұл туралы Санкт-Петербург қаласында өтіп жатқан халықаралық экономикалық форумда Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – еліміздің Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді. Жиында Қазақстан, Ресей, Беларусь және Қырғызстан елдерінің бірінші вице-премьерлері еуразиялық интеграцияның келешекте қай бағытта дамитыны жайлы ойларымен бөлісті.

Олардың айтуынша, алдағы уақытта Еуразиялық одақ өзге елдерге тартымды болуы үшін тараптар сапалы дамуға мән беруі тиіс. Мәселен, былтыр қабылданған арнайы декларацияға сәйкес енді одақ құрамындағы мемлекеттер үшін жаңа технология, жасыл энергетика, цифрлы экономика және білім-ғылым мен туризм саласындағы ынтымақтың жаңа көкжиегі ашылып отыр. Сонымен бірге, бірлескен жаңа жобаларды іске асырудың да маңызы зор.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қаржы министрі:

- Ортақ қаржылық реттегіш құру, бірыңғай валютаға көшу мәселесіне келер болсақ, бұл Еуразиялық одақ туралы ортақ келісімнен тыс мәселелер. Сондықтан ол жайттар, қазіргі уақытта, тіпті күн тәртібінде де болмауы тиіс де есептеймін. Ал келешектегі дамуымыз үшін өндірістік кооперацияға баса мән беруіміз керек. Яғни,бізге одақ құрамындағы барлық елдер қатысатын ірі интеграциялық жобалар қажет.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу