Елорда маңындағы ауылдарға автобус қатынай бастады

01.06.2020

Бүгіннен бастап, елімізде темір жолдағы жолаушылар тасымалы жанданды. Эпидемиологиялық ахуал жақсарса, алдағы уақытта халықаралық бағыттағы пойыздар да жүре бастайды. Ал қалааралық автобустар 5 маусымнан бастап қызмет көрсетеді. Бүгін сондай-ақ Елорданың маңына қатынайтын автобустар да жүре бастады.

«Енді, автобус тоқтамасын». Біз тілдескен жолаушылардың ортақ тілегі осы. Қала маңына қатынайтын автобустар тоқтағалы Қосшы, Қараөткел, Қоянды секілді іргелес елдімекендердіңтұрғындары қиналып қалды. Өйткені, жеке көлік ақша төлесең де апармайды. Вирустан қорқатынын айтады.

Тәртіп сол қалпы. Маска, қолғап, қашықтық сақтау шарт. Бетпердені бетке емес иекке таққандар да жолықты. Сол сәт ескерту жасалды.

Тура 59 күннен кейін теміржолдағы жолаушылар тасымалы да жанданды. Түнгі 12-ден 54 бағыт бойынша пойыздар жолға шықты. 15-күнде 354 мың билет сатылған.

Қауіпсіз қашықтық 1 метр. Алайда, бұл қашықтық перрон, әрі қарай пойызға отырған кезде жоқ болып кетеді. Өйткені, билеттер бұрынғыша рет-ретімен сатылып жатыр. Бірінің үстіне бірі шыққан жолаушылардан санитарлық норма сақта деп талап етудің өзі ұят.

Ғабит БӨКЕНБАЙ


Хабарламаларға жазылу