Алматыда қойма өртенді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда қойма өртенді

29.05.2020

Алматыда тағы да қойма өртенді. Ірі шаһарда бір аптаға жетпей осымен үшінші нысан отқа оранды. Түркісіб ауданында орналасқан ірі қоймада қағаз бен скутер, мотоцикл, мопед сынды техникалар сақталған екен. Төтеншеліктер оқиға орнына дер кезінде жетіп, қызыл жалынды ауыздықтады. Өртті сөндіру үшін, тіпті, тікұшақ та қолданылды. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Тілсіз жаудың жақын маңдағы нысандарға таралуына жол берілмеді. Дегенмен, қойманы жалға беруші мен жалға алғандар шығынға шаш етектен батты, дейді мамандар. Айта кетейік, Алматыда апта басында жиһаз өңдейтін цехтен өрт шықса, артынша қонақ үйдің үшінші қабаты қызыл жалынға оранған.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу