Бүгін — қазақтың мақтанышы Димаш Құдайбергеннің туған күні. Атақты Андреа Бочелли, Лара Фабиан сынды мықтылармен бір сахнада ән шырқап, Джеки Чанның досына айналған Димаш 26 жасқа толып отыр. Тума таланттың қазір әлемде миллиондаған табынушысы бар. 70 елде Димаштың фанаттық топтары құрылған. Фанклуб мүшелері бүгін кумирлеріне әлеуметтік желі арқылы құттықттауларын жаудырып жатыр. Алыс-жақын шет елден сүйікті әншілеріне поштамен сыйлық жолдағандардың да қарасы қалың. Түрлі ұлт, дін өкілдері қазақ әншісінің арқасында бір отбасыдай болып кеткен. Олар: «Әлемде Димаштың дауысына теңдесетін үн жоқ. Оның бірде жылатып, бірде жадырататын әндері жан-жарасын емдейтін шипа»,- деседі. Димашпен еркін әңгімелесу үшін хас таланттың табынушыларының арасында қазақ тілін үйреніп жүргендер бар. Туған күніне фанаттары қазақша құттықтау жолдап, арнайы бейнеролик әзірлеген.