Елімізде вирус жұқтырғандар саны 8322-ге жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде вирус жұқтырғандар саны 8322-ге жетті

24.05.2020

Бүгін еліміздің бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова жаңа қаулы шығарды, онда коронавирус жұқтыру 7 пайыздан асса, қандай шектеулер енгізілетіні жазылған. Бұл неден шығып отыр? Себебі бүгін өсім 5,1 пайызды құрады. Бір тәулікте 403 адамға артқан. Өткен жексенбінің кешінде біз вирус жұқтырғандар 6157 деп айтқанбыз, бүгін кештегі мәлімет бойынша 8322-ге жетті, сонда бір аптада 2165 -ке көбейген. Мұндай болған емес. Жазылғандар 4320. 35 адам көз жұмды.

Бас санитар дәрігер егер жағдай ушықса, қалаларға кіріп-шығуға қайтадан мүлдем дерлік тыйым салынатынын, ауру шыққан ауылдардың әскермен қоршалатынын, екінші деңгейдегі банктердің қызметі барынша шектелетінін, балабақшалар, жәрмеңке, азық-түлік те, азық-түлік емес те базарлардың, автомобиль, зат сататын, мал базарлардың қайтадан жабылатынын хабарлап отыр. Қоғамдық көлік қызметі де, жеке көлікпен жүру де қайтадан шектеледі. Отбасылық мереке тыйым салынады.

Президент Қ.Тоқаев twitter-дегі парағында: «Коронавирус індетіне қарсы күрестегі оң нәтижеге қарамастан, оның таралу қаупі сейілген жоқ. Азаматтарды денсаулығына зиян келтірмеу үшін, әсіресе, көпшілік жиналатын жерлерде қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырамын. Карантин режимі жеңілдетілгенімен, әлі де сақталып отыр»,- деп жазды. 

Мәселе – вирустың ешқайда жоғалып кетпегенін ұмытпай, қорғаныш құралдарын тастамай, сақтық шараларын бұлжытпау орындауда шығар. Бұл вируспен өмір сүру дағдысы. Ыңғайсыздау дағды. Бірақ басқа амал жоқ!

Сәуле АЛДАМҰРАТ


Хабарламаларға жазылу