Талдықорғанда танымал тележурналист, Қазақстанның мәдениет қайраткері Бейсен Құранбекті ел-жұрт соңғы сапарға шығарып салды. Халқының сүйікті ұлымен қоштасу рәсімі өзі құрылысына атсалысып, бой көтеруіне үлес қосқан Журналистер үйінің ғимаратында өтті.
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов марқұмның туыстарына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Үкімет басшысының көңіл айту жеделхатын оқып берді.
Қазақ журналистикасының дамуына сүбелі үлес қосқан қоғам қайраткері небәрі 49 жасында өмірден өтті. Ұзақ жылдар бойы республикалық телеарналарда қызмет атқарған Бейсен Құранбек барша көрерменнің ықыласына бөленді. «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасындағы «Айтуға оңай» ток-шоуын жүргізген кәсіби маман талайдың жүрегін жылытып, өміріне үміт отын сыйлай білді.
«Тағдырдың сынағымен күресуге қарекет етуді үйреткен Бейсеннің өз дертіне қарсы тұра алмағаны өкінішті-ақ», деп көзіне жас алған жұртшылық Жетісудың шоқ жұлдызын қимастықпен шығарып салды.
Қуаныш Қанатұлы