Түркістанда өндіріс ошақтарын салған кәсіпкерлер 25 жылға салықтан босатылады. Іскер топ өкілдері арнайы экономикалық аймақта шоғырланады. Бұл жөнінде бүгін Түркістанда өткен халықаралық инвестициялық және туризм форумында айтылды.
Бүгінде өңір экономикасына қаржы салуға ниетті инвесторлардың ынтасын арттыру үшін бірқатар жеңілдіктер қарастырылып отыр. Форумда сөз алған облыс әкімі бұл мақсатта Түркістаннан арнайы экономикалық аймақ құрылатынын жеткізді. Оның басты артықшылығы - аймаққа өндіріс орнын салған кәсіпкерлер 25 жылға дейін салықтан босатылады. Сондай-ақ, бүгін «Түркістан инвест» деп аталатын жаңа орталық құрылып, жұмысын бастады. Мұндай кешенді жұмыстар Түркістанда кәсіпкерлік пен өндірістің дамуына соны серпін бермек. Жалпы, өңір экономикасына өткен жылы 482 миллиард теңге инвестиция құйылған. Соның нәтижесінде өңдеу өнеркәсібі екі жарым есеге өсіп отыр.
Жансейіт Түймебаев, Түркістан облысының әкімі:
- Қазіргі уақытта бізде 200 гектарға жылыжай салу басталды. Сондай-ақ, Түркістан қаласындағы индустриалды аймақта Қытай инвесторы құрғақ шұбат зауытын салып бітірді. Енді олардың түйе етін консервілеу жоспары бар.
Туризм. Агроөнеркәсіп. Логистика мен транзиттік әлеует. Бұл салалар бүгінде жаңадан жасақталған Түркістан облысын дамытудың негізгі үш бағыты болып отыр. Форум барысында жалпы құны 1,7 миллиард АҚШ доллары болатын 19 меморандумға қол қойылды. Маңызды келісімдердің ішінде ирандық компаниямен онкологиялық орталық және мұнай өңдеу зауытын салу жөнінде келісім жасалса, Қытай кәсіпкерлерімен энергетикалық бұйымдар жасау кәсіпорынын іске қосу туралы уағдаластық бар. Бұдан бөлек, түркиялықтар цемент және жиһаз жасау өндірісін іске қосуды қолға алмақ. Бұл өңір экономикасын ілгерілетумен бірге жаңа жұмыс орындарының қатарын көбейтпек.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.