Өскеменде қараусыз қалған газгольдерлер сатуға қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскеменде қараусыз қалған газгольдерлер сатуға қойылды

13.05.2020

Өскеменде қараусыз қалған газгольдерді алып тастайды. Өйткені, олар әбден ескірген әрі кейбірінде көгілдір отынның қалдықтары әлі де болуы мүмкін. Бұл өте қауіпті деп шешкен қалалық әкімдік ескі газ тарату қондырғыларын сатып жіберуді ұйғарып отыр.  

Кезінде Өскемен қаласын көгілдір отынмен қамтып тұрған 145 газ тарату қондырғысының қазір тек 18-і жұмыс істейді. Ал қалғандары қараусыз қалып, қауіпті нысанға айналған.

Таяуда қалалық әкімдік 25 газгольдерді сатуға қойды. Тендерді ұтып алған кәсіпкер тозығы жеткен қондырғыларды алып тастап, орнын абаттандыруға міндетті. Мұның бәріне 3 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Былтыр үйлердің ауласындағы осындай екі ескі нысанды алып тастаған.

Ескі газгольдерлердің көбін металл жинайтындар да тонаған. Бұл нысандарды өздері күзетіп сақтап қалған тұрғындар да жоқ емес. Қауіптілігіне қарамастан газ тарату қондырғыларын бояп, балалар ойнайтын әдемі орын жасап қойған.

Берік КӨШЕРБАЙ


Хабарламаларға жазылу