«Цеснабанк» салымшыларының шоттағы ақшаларын шешіп алуларына еш негіз жоқ. Бүгін банктің су жаңа төрағасы Ульф Вокурка журналистермен кездесуде осылай айтты. Естеріңізде болса, осыдан бір ай бұрын қаржы ұйымының жағдайы нашар деген жалған ақпарат тараған. Сыбысқа сенген азаматтар депозиттеріндегі ақшаларын алуға асықты. Қыркүйек айының өзінде тұрғындар жалпы депозиттердің 10 пайызын қайтарып алған. Алайда, «Цеснабанк» басшылығы өз клиенттеріне бұл дүрмекке ермеуге шақырады. Себебі, қазіргі таңда қаржы институтының жағдайы тұрақты. Жақында ғана Ұлттық банк қаржы ұйымынан 450 млрд. теңге көлеміндегі несиелерді сатып алған. Сонымен қатар, банктің жағдайын жақсарту үшін қосымша 35 млрд. теңге құйылды. Жыл соңына дейін тағы 5 млрд. теңгеге жуық қаражат тартылмақ. Бұдан бөлек, банк өкілдері қарапайым тұрғындарға ыңғайлы болу үшін өздерінің несиелік және қызмет көрсету саясатын қайта қарастырмақ.
Ульф Вокурка, «Цеснабанк» АҚ басқарма төрағасы:
- Банкке құйылған ақша қазіргі және жаңа бизнестерді қолдау үшін бағытталады. Яғни, біздің клиенттерімізге берілетін қарызға жұмсалмақ. Бүгінгі таңда біздің банк барлық салымшыларға уақытында және сұраныстарына сай қызмет көрсетуде. Алдағы уақытта біз тек үлкен корпоративті клиенттермен ғана емес, қарапайым тұрғындармен де жұмыс істеуге басымдық беруді көздеп отырмыз.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.