Құрғақ порт – логистикалық дамудың жолы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құрғақ порт – логистикалық дамудың жолы

11.08.2018

Еркін сауданың пайдасы елге көл-көсір. Айтсақ, қазір Қазақ-Қытай транзиттік әлеуеті қос тараптың экономикасына соны серпін берді. Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша шекаралы аумақта іске асқан «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының құрғақ порты осыған дәлел. Қазірден бұл порт Еуразия аймағындағы біздің экспорттық-транзиттік әлеуетімізді арттырып, логистиканың дамуына серпін беріп отыр. Оған қоса, шетелдік инвесторлар көптеп тартылатын айлаққа айналды.

Құрғақ порт – осы. «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының басты бөлігі. Тек елімізде емес, Орта Азиядағы экспорттық-транзиттік әлеуетті арттыратын ең ірі логистикалық парк.

Бұл алып жобаға 83,3 млрд. теңге қаражат бөлінген. Республикалық бюджеттен 36,8 млрд. теңге берілсе, ал, қалған 46,5 млрд. теңге «Қазақстан Темір жолы» компаниясына тиесілі.

Мұратбай Мұхамбетов, «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА БК» бас директоры:

- Құрғақ порттың логистикасы одан әрі дамып жатыр. Дәл қазір мұнда екі серіктестік орналасты. Жыл соңында құрылысы аяқталып, іске қосылады деп күтіп отырмыз. Бұдан да басқа бірнеше жоба бар. Жалпы айтқанда, порт жан-жақты өркендеп келеді. Оған қоса, жүк тасымалы да едәуір артты.

Айлақты дамытуға халықаралық инвесторлар қыруар қаржы құюға құмбыл. Мамандардың сөзінше, олар биыл мұнда 100 миллиард теңге көлеміндегі инвестициялық жобаларды іске асыруға қызығушылық танытып отыр. Мәселен, осы заманғы қоймалар, жем-азық фабрикасы мен тамақ өнеркәсібі кластерін құру ісі қолға алынбақ.

Жасұлан Хамзин, «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА құрғақ портының бас директоры:

- Мұнда біздің қоймаларымыз бар. Әрқайсысының көлемі 5000 шаршы метр. Осы жерден тауарлар мен жүктерді, көліктерді тиеу жұмыстарымен айналысамыз. Тағы айта кетсек, Панфилов ауданының алма өсіріп, сататын ірі компаниясымен келісімге отырдық. Себебі, қазір бізде мұздатқыш қоймалар жұмыс істеп тұр. Өнімдерді соған сақтап, оны одан әрі қарай тасымалдауға зор мүмкіндік бар.

Құрғақ порттың артықшылықтары көп. Теңіз тасымалына қарағанда транзит құны әлдеқайда арзан. Себебі, аймақ теміржол мен автомобиль жолдары арқылы тасымалданатын жүктерге қызмет көрсетеді. Қазір мұнда жылына 200 мың контейнер тауар тасымалданса, енді алдағы екі жылда бұл көрсеткіш 400 мыңға жетпекші.

Құрғақ портта алты темір жол бар. Оның үшеуі Қазақстанға, қалған үшеуі Қытайға тиесілі. Көрші елдің әр аймағынан келетін жүк пойыздары осында тоқтайды. Себебі, Қазақ-Қытай теміржолдарының айырмашылығы бар. Сондықтан, Қытай тарапынан келген жүктер осы жерде Қазақстанның пойыздарына ауыстырылып, тиеледі. Одан әрі қарай Қазақстан арқылы Орталық Азия, Еуропа, Түркия, Иранға жол тартады. Осыған қарап-ақ, бұл Шығыс пен Батысты байланыстыратын жер деп айтуға әбден болады.

Арнайы айлақ ашылғалы жазиралы Жаркент аймағының да әл-ауқаты артып келеді. Құрғақ порт, халықаралық ынтымақ орталығы мен «Алтын көл» теміржол бекеті – шекаралы Панфилов ауданының дамуына соны серпін беріп келеді. 

Жалпы, экономикалық аймақтың ілгерілеуіне «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» магистралінің де септігі зор. Себебі, көрші елдің жүктері тасжолмен кәрі құрлыққа емін-еркін, еш кедергісіз тасымалданып келеді. Сондықтан, көліктік-логистикалық хаб транзиттік әлеуетті күшейтіп, ел дамуына серпіліс беріп отыр.  

 

Алмат ӘБДІРАМАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу