NASA «Хабблдың» 30 жылдығы қарсаңында таңғажайып фотомен бөлісті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

NASA «Хабблдың» 30 жылдығы қарсаңында таңғажайып фотомен бөлісті

29.04.2020

1990 жылы 25 сәуірде «Discovery» космостық кемесі жер маңы орбитасына Э.Хаббл атындағы ғарыштық телескопты алып шықты. Ғылым саласындағы айтуылы оқиғаға байланысты NASA мен Еуропа космос агенттігінің мамандары «Хаббл» телескопы түсірген таңғажайып фотомен бөлісті.

Фотода қатар орналасқан NGC 2014 (қызыл түсті) және NGC 2020 (көгілдір түсті) космостық тұмандары бейнеленген. Мамандардың айтуынша, олар Жерден 163 000 жарық жыл қашықтықтағы үлкен Магеллан бұлтында орналасқан. Ғалымдар фотоны «Ғарыштық риф» деп атаған.

NGC 2014 космостық тұманының жарқыраған орталық бөлігі үлкен жұлдыздардан құралған. Олардың әрқайсысының қуаты Күн қуатынан 10-20 есеге жоғары. Ал NGC 2020 көгілдір тұманы Күннен 200 000 есе жарық алып жұлдыздан құрылған. Тұманның көгілдір түсте болуы алып жұлдызда болған жарылыстар нәтижесінде пайда болған газ салдарынан дейді мамандар.

Бүгінге дейін «Хабблдың» көмегімен ғарыштан 1,4 млн-ға жуық бақылау жүргізіліп, 17 мыңға жуық ғылыми мақала жарық көрген.

«Хаббл» адамзатқа ғарыштың, жақын планеталардан шалғайдағы галактикалардың сырын түсінуге мүмкіндік берді. Мұндай алып телескопты ғарышқа шығару ғылымдағы революция болды»,- дейді NASA өкілі Томас Зурбухен.

Дереккөз: NASA


Хабарламаларға жазылу