Нұр-Сұлтан - Алматы бағытындағы ұшақ билетінің бағасы бекітілді

28.04.2020
Нұр-Сұлтан - Алматы бағытындағы ұшақ билетінің бағасы бекітілді

1 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан - Алматы бағытындағы әуе рейстері ашылады. Ұшақ билетінің бағасы 7 мыңнан 30 мың теңгеге дейінгі аралықта белгіленді.

Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Күніне 4 рейс жиілігімен ұшақтар қатынайды. Әуе рейстері ҚР ДСМ Көліктегі бас санитар дәрігер белгілеген санитарлық қауіпсіздік талаптарын сақтау арқылы орындалады. Қазақстан әуе компаниялары күрделі жағдайды түсіне отырып, билет бағасын сатып алу күні мен уақытына байланысты 7-ден 30 мың теңгеге дейінгі аралықта белгіледі» - делінген ақпаратта.

Алдағы уақытта, жағдай жақсарған кезде ішкі рейстер санын және әуе кемелерінің сыйымдылығын арттыру мәселесі қарастырылмақ. 

Сондай-ақ ұшақ жолаушылары карантинге жатқызылмайды.

«Еліміздің бас мемлекеттік санитарының қаулысында мұндай шара қарастырылмаған. Әрбір азамат өзінің тұрғылықты жерінде ПТР тестілеуден өтуі керек. Бұл анықтама 7 күнге дейін жарамды. Қолында анықтамасы бар адам Алматыдан, Нұр-Сұлтанға барып, кері қайта алады. Олар карантинде болмайды», - деді брифинг барысында Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин.



Хабарламаларға жазылу