Елімізде бірде-бір базар заман талабына сай емес.
Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов осылай деді.
Қазір елімізде 750 сауда базары жұмыс істейді, оның 51 пайызы стационарлық емес.
«Тауарларды жедел жүктеуге мүмкіндік беретін заманауи жүк түсіру (қазір оны «кросс-док» деп атайды) және температуралық қоймалардың жеткіліксіздігі бағаға тікелей әсерін тигізеді. Әрине, базарларда тауар ағындарын бақылау бойынша ақпараттық жүйе де жоқ», - деді министр.
Министр қалаларда карантин енгізілуіне байланысты болған дүрбелең осы мәселелерді тағы да айқындап бергенін айтты.
Мәселені жедел және жүйелі шешу үшін көтерме-тарату орталықтарын құру ұсынылады.
«Көтерме-тарату орталықтары өнімді сақтау мен қайта өңдеу, тарату мен өткізуге дейінгі мамандандырылған қызметтерді ұсынады. Бірінші кезеңде ауыл шаруашылығы тауарларын сақтауға арналған 5 көтерме-тарату орталығын Алматы, Павлодар және Түркістан облыстарында салу жоспарланып отыр. Біз биыл 600 мың тонналық күзгі өнімді осы нысандарда орналастырғымыз келеді», - деді Б.Сұлтанов.