Коронавирус салдарынан Еуропа одағы құлдырауы мүмкін бе? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавирус салдарынан Еуропа одағы құлдырауы мүмкін бе?

24.04.2020
Коронавирус салдарынан Еуропа одағы құлдырауы мүмкін бе?

Мамыр айында Еуропа елдері өз шекараларын жауып, өндіріс орындары уақытша тоқтаған тұста көптеген сарапшылар пандемия салдарынан Еуропалық экономикалық бірлестіктің құлдырауы мүмкін деген пікір айтты. Оның үстіне коронавирустан қатты зардап шеккен Италия мемлекеті одақтастарынан көмек сұрағанымен кәрі құрлық елдерінің үнсіз қалуы Еуроодақтың беделін түсірді.

«Қытайдан тараған вирус Еуропаға келмейді деп бейқам отырған елдерге індет тез жайылды. Инфекция жұқтырғандар саны бойынша Қытайдан да асып кеткен мемлекеттер өз азаматтарын керекті жабдықтармен қамтамасыз ете алмаған тұста Еуроодақ басшылығының шарасыздығы отқа май құйды»,- дейді венгриялық саясаттанушы Петер Креко.

Айтуынша, ЕО мемлекеттерінің Италияға көмек көрсете алмауы одақ тарихындағы ең трагедиялық сәт болды. Ал Еурокомиссияда бұл жағдайды шешетін қаражат та, құрал-жабдық та болмады. Осы тұста комиссия басышылығының дәрменсіздігін пайдаланған Қытай мен Ресей италиялықтарға қол ұшын созу арқылы саяси аренадағы беделін арттырды.

Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен көмекке мұқтаж Италияға қолұшын созбаған Еуропа мемлекеттерін қатты сынға алды. Ол Еуроодақтың бірлігі бейбіт күнде ғана емес, пандемия секілді кризистік сәттерде де көрінуі тиіс деді.

«Еуропа қауіпті індетпен күресте көмек қолын созбағаны үшін Италия халқынан кешірім сұрауы тиіс. Алайда қазір Еуропа одағы қайтадан біртұстас бірлестікке айналды»,- деп мәлімдеген болатын Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен.

Әлемдік сарапшылар кәрі құрлықтағы індеттің зардабы емес, пандемия аяқталғаннан кейінгі Еуропада болатын экономикалық дағдарыстың салдары одақтың тағдырын шешеді деп болжап отыр. Себебі пандемиямен күресте Еурокомиссияның дәрменсіздігі Еуропа мемлекеттерінің билігінде отырған еуроскептиктерге мүмкіндік берді.

«Бірінші вируспен күресте жеңіске жетеміз, ал кейін Еуропа туралы ойланатын боламыз. Егер еліміздің дамуына одақтың әсері болмаса, қош айтысуға дайынбыз. Тіпті рахмет те айтпаймыз»,- деп мәлімдеген болатын италиялық Солтүстік Лига партиясының өкілі Маттео Сальвини.

Ал франциялық саясаткер Марин Ле Пен Еуроодақ коронавирустың бірінші құрбаны болды деген пікір білдірді.

Горнинген университетінің профессоры Дмитрий Коченов Еуроодақтың жалпыға бірдей құқықтары мен сот жүйесі қалыпты жұмыс істеп тұрса, одақтың да жұмысы жалғаса беретініне сенім білдірді.

Дереккөз: ВВС


Хабарламаларға жазылу