Семейлік ғалымдар коронавирусты емдеудің жаңа тиімді тәсілін ойлап тапты

23.04.2020

Cемей медицина университетінің мамандары коронавирусты емдеудің жаңа әдістемесін жазып шығарды. Ал семейлік ғалымдар ең тиімді ем түрлерін зерттеп рет-ретімен қолдану жолын жария еткен. Жаңа әдістеменің нәтижесі де жоқ емес. Жақында тың тәсілдің арқасында Семейде ауыр халде жатқан науқас құлан таза айығып кеткен.

Марат Сыздықбаев «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Анестезиолог, реаниматолог-дәрігер. Медицина ғылымдарының докторы. Семейдегі медицина университетінде әріптестерімен бірлесіп COVID-19 дертін емдеудің әдістемесін жазған. Авторлық құқықты реттемей жатып, қазір әлем елдері індетті емдеудің тиімді жолын тауып, жаңалығын ашық түрде жаһанға жария етуге әзір. Қазірдің өзінде осы тәсіл арқылы Семейде өте ауыр халде жатқан науқас емделіп шықты.

Оқу орнының мамандары коронавирус індетіне шалдыққан адамның тыныс жолдарын зерттейтін ларингоскоптың жаңа түрін де жасап шығарған. Тек шет елде құрастырылатын мұндай құрылғының бағасы тым қымбат. Әрі қазіргі пандемия кезінде оны алу тіптен мүмкін емес. Сондықтан семейлік мамандары осыған дейін қолданылып келген қарапайым ларингоскопқа камера мен смартфон жалғау арқылы жетілдірген. Медициналық құрылғының патенті жақында дайын болады.

Жарты ғасырлық тарихы бар оқу орнында жұмыс істейтін ғалымдар жұқпалы індетті тиімді емдеудің жолдарын қазір сандық технология көмегімен іске асырып жатыр. Семейдегі инфекциялық емханалардағы дәрігерлерге онлайн түрде 24 сағат бойы кеңес беретін арнайы топ құрылған. Жергілікті ғалымдар мұндай көмекті еліміздің кез-келген өңірінде індетпен күресіп жатқан дәрігерлерге көрсетуге дайын.

Ержан ЖАҚЫП


Хабарламаларға жазылу