Еліміздің қаңтар-наурыздағы жалпы ішкі өнімнің өсуі 2,7 пайыз болды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты.
«Қазіргі уақытта әлемдік экономика күрделі жағдайда. Халықаралық қаржы институттары коронавирусқа қарсы қорғану шараларының аясында жаһандық рецессияның байқалатынын және іскерлік белсенділіктің төмендігін атап өтті. Негізгі шикізат тауарларына коньюнктураның төмендегені байқалады», - деген министр І тоқсанның қорытындысы бойынша елдің әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелеріне тоқталды.
Оның дерегінше, қаңтар-наурызда жалпы ішкі өнімнің өсуі 2,7 пайыз болды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 5,1 пайызға өсті. Жылдық инфляция 6,4 пайызды құрады. Экономиканың базалық салаларында көлік пен тұру және тамақтану бойынша қызметтерді қоспағанда, оң өсу байқалады. Құрылыс 11,7, байланыс қызметтері – 10,5, өнеркәсіп – 5,8, ауыл шаруашылығы – 2,5 пайызға өсті.
«Сонымен бірге осы жылғы наурызда 2019 жылғы наурызбен салыстырғанда жекелеген салалар төмендеу көрсетті. Бұл сауда – 3,6, көлік – 4,7, тұру және тамақтану бойынша қызметтер – 12,1 және қара металлургия көлемі – 13 пайызға азайды. Жалпы өнеркәсіптің өсу қарқыны 5,8 пайыз деңгейінде сақталды. 15 өңірде өсу байқалып отыр. Ең жоғары өсуді Қостанай және Ақмола облыстары көрсетті. Сонымен бірге 2 өңірде төмендеу тіркелді. Бұл - Қызылорда және Жамбыл облыстары», - деді Руслан Дәленов.
Министрдің айтуынша, өңдеу секторында 8,8 пайыз деңгейінде өсімге қол жеткізілді. Бұл фармацевтика, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру және жеңіл өнеркәсіптегі қарқындардың артуымен негізделеді. Өңдеуде Жамбыл облысынан басқа барлық өңірлер оң серпін көрсетті. Жоғары өсу Қостанай, Атырау және Қызылорда облыстарында тіркелді.