Несие шегерілгенімен, кешірілмейді! Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы жұрттан осыны шатастырмауды сұрап отыр. Өйткені төтенше жағдайға байланысты қарызын кешіруді сұрап жатқандар жоқ емес. Әсіресе табысынан айырылғандар екінші деңгейлі банктерге осындай өтініштерін жиі айтып жатыр.
Сондықтан азаматтар несиесін 90 күнге ғана шегере алады. Ол үшін ешқандай комиссия жоқ. Бірақ банктің жылдық сыйақы мөлшерлемесі бәрібір сақталады. Қазір екі миллионнан астам адам осындай өтініш берді, оның басым бөлігі мақұлданған. Елімізде 7,5 миллион адамның кредиті бар екен. Олар банктерге 6 триллион 800 миллиард теңге қарыз. Сондай-ақ қаржылық ұйымдар «банк карточкасына онлайн тапсырыс беріп, үйге тегін жеткізу» қызметін іске қосып жатыр. Өйткені 42 500 теңге көлеміндегі жәрдемақыны алу үшін кей өңірлерде жұрт жаппай банкке барып, карточка аштыруға асыққан еді. Карантин тәртібін бұзбау мақсатында банктер бұл қызметті қашықтан көрсетеді. Ол үшін қаржы ұйымының мобильді қосымшасынан немесе сайтынан тапсырыс беру керек. Сөйтіп карточка бір-екі күнде үйіңізге жеткізіледі.
Дсожан МАРАТҰЛЫ