Сондай-ақ комиссия отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнестің жұмысын біртіндеп жандандыру керектігін айтты. Әкімдіктерге жұмыс режимін қалпына келтіруде санитарлық-эпидемиологиялық режимді қатаң сақтау тапсырылды. Жұмыс орындарында қашықтықты қамтамасыз ете алатын кәсіпорындар тізімін дайындау басты назарда болады. Аймақтарда дағдарысқа қарсы штаб осы міндеттердің орындалуын бақылайды. Жұмыс режимі, адамдарды қызмет орындарына жеткізу тәртібі нақтылануы тиіс. Осының негізінде мемлекеттік комиссия тиісті шешім қабылдайды.
Мемлекет басшысы бұл жағдайда аймақтар мен қалалар басшыларының жауапкершілігі бірнеше есе артатынын айтты. «Өйткені, біз тәуекелге барамыз. Басқа амал жоқ. Студенттер, мектеп, балабақша оқушыларын қашықтан оқыту, азаматтардың карантинді сақтауы - өз күшінде қалады. Қоғамдық орындарды дезинфекциялау қажет. Бірақ кәсіпорындарды біртіндеп жұмыс режиміне шығаратын боламыз», - деді Қ.Тоқаев.
Ақерке БЕРІКБЕК