Қ.Тоқаев Түркі тілдес мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің саммитіне қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қ.Тоқаев Түркі тілдес мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің саммитіне қатысты

10.04.2020

Төртеу түгел болса, төбедегі келеді! Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирсупен барлық мемлекеттерді бірлесіп күресуге шақырды. Президент мұны Түркі тілдес мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің төтенше саммитінде айтты. Онлайн өткен жиында індетпен күресу үшін ұлттық деңгейде қабылданатын шаралар бойынша тәжірибе алмасу, сауда және транзит-көліктік байланыстардың үзіліп қалмауын қамтамасыз ету, денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты күшейту және кеңеске мүше елдердге көмек көрсету мәселелері талқыланды.

Алқалы жиынға бейнекамера арқылы Түркі кеңесіне мүше Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Түрікменстан президенттері мен Мажарстан премьер-министрі және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры қатысты. Өз сөзінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеңестің төтенше саммиті коронавирус індеті тараған күрделі кезеңде өтіп жатқанын айтып, оған қарсы күш біріктіруге шақырды.

Экономикалық ынтымақтастық жайлы айта келе, Қасым-Жомарт Тоқаев дағдарыстан кейін әлемдік экономика жаңаша қалыптасатынын жеткізді. Сондықтан мемлекеттерді соған дайын болуға шақырды.

Сөз соңында Президент коронавирус індетін еңсергеннен кейін ынтымақтастыққа жаңа серпін беру үшін Түркі кеңесі елдерімен тізе қосып, жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Кейін мемлекет басшылары бірлескен Декларация қабылдады.

Досжан МАРАТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу