Елордада адамдардың киімін залалсыздандыруға арналған 10 кешен орнатылады. Ол медициналық мекемелер аумағына және адам көп шоғырланатын жерлерге қойылмақ, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің бастамасымен №3 көпбейінді балалар ауруханасында қаладағы алғашқы дезинфекциялық кешен пайда болды. Бұдан былай дәрігерлер мен медицина қызметкерлері жұмысқа кіріп-шығарда осы кешенді пайдаланады.
«Олар бу генераторының көмегімен жұмыс істейді. Арнайы мотор дезинфекциялық құралдардың буын шығарады. Осының арқасында киім-кешек, аяқ киім түгелдей залалсыздандырылады», – дейді Нұр-Сұлтан қалалық №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының директоры Иран Шаметеков.