Түркістан облысындағы шаруалар өнімдерін өткізе алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысындағы шаруалар өнімдерін өткізе алмай отыр

09.04.2020

Түркістан облысының диқандары қыс бойы тыным көрмей өсірген қырыққабатын сата алмай берекесі қашып отыр. Жылдағыдай Ресейден лек-легімен келетін сатып алушылар биыл сап тыйылды. Ал ол жаққа өздері апарыайын десе, карантиндік шектеу диқанға адым аштыратын емес.

Шаруалар бұл мәселені апта бұрын әлеуметтік желі арқылы айтып үкіметтен көмек сұрай бастады. Бірі өнімді тасымалдауға рұқсат қағазын алудың қиындығын айтса, енді бірі еңбектерінің еш кеткелі тұрғанына налыды.

Диқандардың жағдайын ескеріп, Ауыл шаруашылығы министрлігі экспортқа қойылған шектеуді алып тастады.

«Біз біргеміз: Түркістан облысының өнімдері». Осындай мәтінмен арнайы логотип әзірленді. Арнайы белгі ауыл шаруашылығы өнімдері тиелген жүк көліктерінің сыртына жапсырылады. Бұл әрбір блок бекеттерде, кеден бекеттерден көліктердің кедергісіз өтуіне мүмкіндік бермек. Жалпы биыл өңірде ерте піскен қырыққабаттан 300 мың тоннадай өнім жиналмақ. Оның 37 мың ішкі сұраныс үшін қалдырылса, қалған 250 мың тоннасы Ресейге экспортталғалы отыр.

Ғани ҚАЛМАХАН


Хабарламаларға жазылу