Абай облысының диқандары күнбағысты өткізе алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысының диқандары күнбағысты өткізе алмай отыр

02.11.2022

Абай облысының шаруалары күнбағысты өткізуде кедергіге тап болды. Бұл өнім түрі Ресейден еш шектеусіз тасымалданып жатыр. Яғни олар өзге жаққа сата алмаған өнімін біздің елге арзан бағаға өткізуге кіріскен. Есесіне, жергілікті шаруалардың өніміне сұраныс жоқ. Бұлай жалғаса берсе, егіншілікті дамытып, еңсесі енді көтеріліп жатқан диқандар кәсібіміз құрдымға кетеді деп, алаңдап отыр.

Мақаншылық Марат Сағадиұлы соңғы жылдары мал шаруашылығынан егіншілікке бет бұрған. Дәнді-дақыл мен күнбағыс өсіреді. Биыл қуаңшылыққа қарамастан мол өнім алды. Бірақ, жиып-тергенін өткізе алмай отыр. Өйткені, көктемде 260 теңге болған шекілдеуіктің келісі 130-150 теңгеден аспай қалған.

Марат Сағадиұлы, диқан:

Біз бұл өнімімізді ешқандай сата алмаймыз 130 теңгеге. Өйткені ол ақтамайды. Мемлекетке менде бір 150 миллиондай қарызым бар. Биылғы жабатын қарызым 35 миллион. Басында кішкене сатып, оның 15 миллионын жаптық.

Тығырыққа тірелген шаруалар бұл тек ауыл шаруашылық өнімін өндіріп отырғандарға ғана емес, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне кесірін тигізеді,дейді. Өнімін тиімді бағаға өткізе алмаған шаруалар келер жылы егіншіліктен бас тартуы мүмкін. Мұның салдары қымбатшылыққа ұрындыра ма деген қауіп бар.

Бауыржан Рамазанұлы, диқан:

Олар қазір сатады қысылғандықтан. Жабады. Қамбаларында ештеңе қалмайды. Келесі жылы көктемде ештеңе еге алмайды. Дизельдік отын да, сайман да ала алмайды. Ертең біз өзіміз сол Ресейден сатып алуға мұқтаж боламыз. Өйткені өзіміздің өндірушілер жергілікті болмайды.

Сауда және интеграция министрлігі мәселеден хабардар. Ведомство басшылығы шет елден келген өнімнің бағасын реттейміз, дейді. Бірақ, нақты қашан екені белгісіз. Отандық өндірушілердің тауарын тиімді өткізу бойынша да келісім жасалады, тек келер жылы деп жауап берді.

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:

Ресейден, Белорусиядан болсын өнімдерінің бағасын реттейміз. Біздің Ауыл шарушылығы министрлігі қазір май өндіретін зауыттармен нақты келісім дайындайды. Нарықтағы бағасымен алу үшін келесі жылда.

Ал Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер болса, көрші елден ағыл-тегіл келіп жатқан астыққа ешқандай шектеу қоя алмаймыз, деп отыр.

Шаймерден Ахметов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі департамент директорының орынбасары:

Еуразиялық одақ құрғалы ашық. Арамызда өнім қалай әрі қарай кетсе, солай бері қарай да келіп жатады. Ешқандай шектеу жоқ. Шектеу болуы мүмкін де емес. Одақтың негізі сол ғой.

Осылайша шаруалардың мәселесі ашық күйінде қалып отыр. Биыл тек Үржар ауданының диқандары 200 мың гектарға жуық жерге егін салған. Оның тең жартысы майлы дақылдар. Қысылғандар арзанға сатып, сатпағандардың өнімі тау-тау болып, қамбада үйіліп тұр.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу